G20 саммиті Қазақстан үшін табысты өтті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық сипаттағы белсенді қызметі бүгінде қазақстандықтар және халықаралық қоғамдастық тарапынан солай болуы тиіс заңды үрдіс ретінде қабылданып келеді.

Алайда, Нұрсұлтан Назарбаевтың жақында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің арнайы шақыруымен Ханчжоу қаласында ұйымдастырылған G20 саммитіне қатысуын өте елеулі оқиға деуге болады.

G20-ға мүше мемлекеттердің әлемдік экономиканың жағдайы мен болашақтағы мүмкіндіктерін айқындайтынын түсінетін кез келді. Себебі, олар бүкіл адамзаттың даму параметрлерін белгілейді. Әрине, Қазақстан өзінің экономикалық әлеуетімен «Үлкен жиырмалықтан» әлі алыс. Десек те, еліміз тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде Н.Назарбаевтың ел мен әлем үшін атқарған қызметі, оның халықаралық үдерістерді ілгерілетудегі сындарлы және жасампаз саясаты мен рөлінің артуы, баламасыз тәжірибесі, үлкен интеллектуалды әлеуеті, сондай-ақ, күні бүгінге дейін қалыптасқан жоғары беделі объективті түрде оны әлемдік деңгейдегі көшбасшыға айналдырды. Бұған Елбасының жиынға қатысқан президенттермен, мәселен, Си Цзиньпиннен бастап, Барак Обамаға дейінгі лидерлермен болған келіссөздері де айқын дәлел бола алады.

Мен дәл осындай халықаралық ауқымдағы форумдарда екіжақты кездесулерді ұйымдастырудың оңайға соқпайтынын білемін. Ал Нұрсұлтан Назарбаев үшін бұл - әбден қалыптасқан үрдіс. Өйткені, бүгінде Қазақстан Президентімен әлемнің көптеген елі ынтымақтастық орнатуға әзір.

Нұрсұлтан Назарбаевтың дүние жүзінде болып жатқан жағдайларға қатысты беретін бағасы мен Елбасы тарапынан айтылатын ұсыныстарды ең дамыған елдердің көшбасшылары әрдайым мұқият әрі ден қойып тыңдайды, сонымен қатар, ол мәселелер жан-жақты сараптан өткізіліп қана қоймай, кейбір дамыған елдер астаналарында іс жүзіне асырылып та жүр. Солардың бірі - G20 саммиті. Алқалы жиын аясында Қазақстан Президенті әлемдік экономиканың қазіргі жағдайына қатысты дәл әрі нақты анықтама бере білді және халықаралық қоғамдастықты жаһанданған әлемдегі күрделі мәселелерді шешуге шақырды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың кез келген шетелдік сапары, кез келген халықаралық кездесуі сыртқы саясаттың, ішкі саясаттың бір бөлшегі және оның жалғасы екенін айқын дәлелдеп келеді. Бұл саммитте де Мемлекет басшысы Қазақстанның ұстанымдары мен қағидаларын белсенді түрде алға жылжытты. Қазіргідей қиын-қыстау заманда шетел инвестициясын елімізге тартуға күш салды. Бұл орайда, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен арадағы кездесудің қорытындысы өте табысты өтті деуге болады. Мәселен, бұл кездесудің нәтижесінде алдағы 5 жылдың ішінде жалпы құны 26 млрд долларды құрайтын түрлі жоба жүзеге асырылмақ. Бұл әлемде қазіргідей өте күрделі экономикалық жағдай орын алған және әрбір доллар үшін күрес болып тұрған кезеңде мүмкін болып тұр. Осы арқылы Елбасы қазақстандық өнімнің Қытай нарығында кеңірек таралуына жол ашты. Олардың арасында көмірсутегінен бөлек, Қазақстанның ауылшаруашылығы кешенінің өнімдері де бар.

Елбасының, әсіресе, G20 саммитіне қатысу аясында орын алған хаттамалық сәттерге назар аударғым келеді. Бұл кезде де Нұрсұлтан Назарбаевқа айрықша көңіл бөлініп, үлкен сый-құрмет көрсетілді. Бұл Қазақстан Президенті отыратын орынның, сөз сөйлеу және саммиттің соңында суретке түсу тәртібінің белгіленуінен-ақ анық көрінді. Қазақстан «Үлкен жиырмалыққа» мүше болмаса да, G20-ға мүше елдер көшбасшыларының саммит қорытындысында суретке түсу салтанатты рәсімі кезінде Нұрсұлтан Назарбаевқа орта тұс белгіленді. Халықаралық қызметте ұсақ-түйек дегенге орын жоқ. Ал хаттамалық іс-шаралар - әлемдік сахнада болып жатқан жағдайлардың айнасы. Бұл ретте біз, яғни қазақстандықтар ауқымды жиындағы Елбасының орны мен рөліне қарап мақтана аламыз. Себебі, Нұрсұлтан Назарбаев бұл саммит аясында Қазақстанды әлемге тағы бір мәрте жоғары деңгейде және үлкен абыроймен танытты.

Мемлекет басшысының саммит аясындағы сапары өте тығыз әрі күрделі болды. Алайда, Елбасы сапардың әрбір күнінде де өзінің мықты күш-жігері мен жоғары интеллектуалдық тәжірибесін көрсетті. Ханчжоудың мәдени орталықтарын аралап, өзінің алған әсерлерімен қазақстандық БАҚ өкілдерімен де бөлісуге уақыт тапты.

 

Соңғы жаңалықтар