Ғ.Мүсірепов атындағы жасөспірімдер театрында Тұңғыш Президенттің жастық шағы сахналанады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ғабит Мүсірепов атындағы жасөспірімдер театры Тұңғыш Президент күніне орай театрландырылған мерекелік кеш әзірлеуде. Ұжым басшылығы бүгін 30 қараша күні өтетін мерекелік шара жайлы егжей-тегжейлі айтып берді.

Концерттік бағдарламада сахналық өнердің барлық түрлері топтастырылған, дейді ұйымдастырушылар. 30 қарашада көрермен назарына Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар және жасөспірімдер театрының әртістері театрландырылған сахналық қойылым, поэзиялық ән-би композициясын ұсынады. Сондай-ақ Қазақстанның өнер жұлдыздары Алтынай Жорабаева, Шаба Әденқұлқызы, Дәлел Уашев ән шырқайды деп күтілуде. Режиссер Мұрат Ахмановтың айтуынша, мәдени шара елге, жерге деген махаббатқа, отансүйгіштікке баулуға бағытталған. «Концерттік бағдарлама театрландырылған көріністен басталады. Белгілі қаламгер Өтен Ахметтің «Жас түлектер» пьесасынан үзінді қойылады. Бұл шығарма Елбасының жастық кезі, алғашқы қалыптасу шағынан сыр шертетін болады. Сондай-ақ ақын Бақытбек Смағұлұлының Елбасына, елімізге арналған өлеңдерінен құрастырылған үлкен поэзиялық композиция әзірлеп отырмыз. Әншілердің, бишілердің өнерін тамашалуға да мүмкіндік туады. Мәдени шараны өткізуге аудан басшылары да атсалысып жатыр», - деді М.Ахманов. Театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләл Мемлекет басшысының биылғы «Нұрлы Жол - болашаққа бастар жол» Жолдауы мәдени салаға игі ықпалын тигізетін маңызды құжат екенін атап өтті. «Жаңа жолдау міндеттерін жүзеге асыру аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде үлкен жиын өтті. Онда осы мәдениет саласының, оның ішінде театр саласының дамуына кедергі келтіріп отырған түйткілді мәселелер талқыланды. Мемлекет басшысының сөзі біздерге үлкен серпін бергені сөзсіз. Біз театр ұжымы ретінде жолдаудағы негізгі міндеттерді алдымызда жоспарланған қойылымдар арқылы жүзеге асырамыз», - деді Е.Біләл. Сондай-ақ биылғы театр маусымында өнер ордасы өзінің 70 жылдығын атап өтпек. «Театрдың 70 жылдық тарихы бар. Мерейлі тойымыз келе жатыр. Осы уақытқа дейін көптеген шет мемлекеттерді араладық. Алайда біздің дамуымыз осымен шектеліп қалмауы керек. Біз еліміздің өнерін, болмысын өнер арқылы паш етсек деген ниетте жұмыс істеп жатырмыз. Оның дәлелі ретінде халықаралық деңгейде көрсете алатын туындыларымыз бар. Айталық Әзербайжанның Шеки қаласында өткен фестивальде ақын, дарамтург Иран Ғайыптың «Естайдың Қорланы» махаббатнамасы тілін түсінбесе де, әзербайжан көрермені тарапынан үлкен ризашылық тудырды. Олар режиссерлік көзқарасқа, актерлердің ойынына жақсы деген баға берді. Толыққанды халықаралық дәрежеге жауап беретін қойылымдар бар», - деді театр жетекшісі.

Соңғы жаңалықтар