Г. Головкиннің «Астана» президенттік кәсіби клубына мүшелігі туралы келіссөздер жүргізіліп жатыр

None
None
АСТАНА. 4 шілде. ҚазАқпарат - Даңқты қазақстандық боксшы Геннадий Головкинмен «Астана» президенттік клубына мүшелікке қатысты келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұл туралы бүгін елордада «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының салтанатты тұсау кесері барысында журналистерге берген сұхбатында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ атқарушы директоры Дархан Қалетаев мәлімдеді.

«Бүгін біз әлем қауымдастығына «Астана» президенттік кәсіби спорт клубын таныстырып жатырмыз. Бұл спорттық менеджменттің, спорттық маркетингтің бүгінгі замандық сұранысы. Әлбетте, біз кәсіби спорт клубын әлемдегі атақты «Бавария», «Барселона», «Реал-Мадрид» секілді деңгейде құрғымыз келеді. Дегенмен, біздің өз қазақстандық жолымыз болады», - деді Д. Қалетаев. Оның айтуынша, ел намысын әлемдік аренада қорғап жүрген командалардың басын президенттік клубқа біріктіру жобаны одан сайын жемісті жүзеге асыруға септігін тигізетін болады. «Сонымен қатар, біздің клубтың басты ерекшелігі ұлттық спортқа баса мән берудеміз. «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының құрамына «Қазақстан барысы» жобасының енуі де соны аңғартады. Екіншіден, бұл мультибрендтік құрылым болмақшы. Өйткені, мұнда халықаралық деңгейдегі «Астана велокомандасы», «Астана арландары» кәсіби бокс командасы, «Астана-Дакар тим» командасы, «Барыс» хоккей клубы, су және атүсті полосы командалары еніп отыр. Олардың арасында қазақ спортының жарық жұлдыздары Илья Ильин мен Денис Тен бар», - деді Д. Қалетаев. Оның айтуынша, кәсіби спортты дамыту арқылы бұқаралық спорт та оған ілесе жүріп, өз нәтижесін бере алады. «Ал Геннадий Головкинге келсек, оның да «Астана» кәсіби клубына қосылуға барлық мүмкіндігі бар. Онымен келіссөз жүргізіліп жатыр. Дегенмен, Генаның деңгейі жоғары, дәрежесі де бөлек, оған төленетін қаражат та қомақты. Шындығын айталық, мұнда таза бизнес те, таза қаржылық тетіктер де бар. Сондықтан да, Гена да өзі тауып отырған қаражаттан қағылып қалмайтындай, «Астана» клубы да өзіне ауыр жүктеме алып ұтылып қалмайтындай болуы тиіс. Дегенмен, келіссөздер жүріп жатыр. Генаның бүгінгі командасы өте мықты. Солай болғанымен, біз ортақ тіл табамыз деген үміттеміз», - деді Д. Қалетаев.

Соңғы жаңалықтар