G-Global: «Жібек жолы» жаһандық сыйлығын тағайындайтын халықаралық комитет құрылады
2021 жылғы 24 тамыз 14:31

G-Global: «Жібек жолы» жаһандық сыйлығын тағайындайтын халықаралық комитет құрылады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – G-Global: «Жібек жолы» жаһандық сыйлығын тағайындайтын халықаралық комитет құрылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифнгіде G-Global халықаралық хатшылығының басшысы Серік Нөгербеков осындай мәлімет берді.

«Біріншіден, Мандела ханым мен Әзербайжан, Қырғызстан, Грузия елінен тікелей байланысқа шыққан спикерлерге алғыс айтқым келеді. Екіншіден, Мандела ханыммен екінші күн қатарынан араласа отырып, Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ және Африка ауылдарындағы әйелдерді қолдау қорын құру керек деген шешім қабылдадық. Келешекте оған Ауғанстан әйелдері де кіреді», - деді G-Global халықаралық хатшылығының басшысы.

Оның айтуынша, аталған қорды Мандела Тембекиле қорының бас директоры, Нельсон Манделаның немересі Ндилека Мандела ханым басқарады.

«Қордың кеңсесі Оңтүстік Африкада орналасады. Өйткені ол жақта Мандела фамилиясы өте беделді екенін білесіздер. Ең бастысы, бұл қор аталған өңірлердегі барша қоғамдық ұйымдардың басын біріктіреді. Аталған өңірлердің бәрінде ауыл әйелдерін қолдау бойынша жұмыс жүріп жатыр. Сол күштерді біріктіргіміз келеді. Ол үшін ірі корпорациялар мен қорларға қолдау көрсету бойынша жүгінеміз. Coca-Cola корпорациясы өз қоры арқылы бізге бұл істе көмек көрсетіп келеді. Өзге де шетелдік компаниялар, отандық компаниялар, ірі қорлар осы іске атсалысса екен дейміз», - деген Серік Нөгербеков «Жібек жолы» жаһандық премиясын тағайындау бастамасы да іске асуға жақын екенін атады..

«Мандела ханыммен тағы бір бастама бойынша келістік. «Бір белдеу – бір жол» форумының қорытындысы бойынша 40 елдің көшбасшылары декларация қабылдаған болатын. Осы қорытынды декларацияда «Жібек жолы» жаһандық премиясын тағайындау туралы Қазақстан бастамасын қолдау керектігі айтылған. Біз қазір Мандела ханыммен осы премияны тағайындайтын халықаралық комитеттің жеке құрамын бекіту бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз», - деді ол орталық коммуникациялар қызметінде.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT