Футзалдан Қазақстан құрамасы Венгриямен кездеседі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футзалдан Қазақстан құрамасы 2022 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу кезеңіндегі ойындарына дайындығын бастап кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетелік, қазақстандық футзалшылар бесінші топқа түсті. Қарсыластары - Венгрия, Беларусь және Израиль құрамалары .

Қазақстандық футзалшылар алғашқы ойынын өз алаңында 2020 жылдың 9 желтоқсанында Венгрия құрамасына қарсы өткізеді.

Қалған бес ойын 2021 жылдың қаңтар және сәуір айлары аралығында болады.

Алдымен 28 қаңтарда сырт алаңда Израильмен кездеседі. Одан кейін өз алаңында 2 наурызда Беларусьпен шеберлік байқасса, 8 наурызда сырт алаңда ойнайды. Ал 6 сәуірде сырт алаңда Венгриямен кездессе, 13 наурызда өз алаңында Израильді қабылдайды.

Айта кету керек, іріктеу кезеңі алғаш рет өз алаңында және сыртта болады. Құрамалар үш ойынын өз алаңында, үшеуін сыртта ойнайды. Іріктеу кезеңіндегі сегіз топта жеңімпаз атаған және екінші орындағы үздік нәтижеге қол жеткізген құрамалар финалдық кезеңге тікелей жолдама алады.

Төртінші кезеңде екінші орындағы төменгі нәтиже көрсеткен екі құрама қосымша ойында кездесіп, бір жолдамаға таласады.

Қазір қазақстандық футзалшылар алдағы ойынға дайындығын жүргізуде. Құрамаға шақыру алған футзалшылар алғашқы жаттығуға толық құрамда қатыса алмады. Қақпашы Игита мен қорғаушы Дуглас жарақатын емдеп, енді құрама сапына қосылды. Елордалық «Нұр-Сұлтан» командасынан келген Ринат Умешев қақпашылардың жаттығуына көмектесуде. Сондай-ақ, қосалқы құрамнан талдықорғандық «Жетісудың» қақпашысы Нұрәлем Байдолла келеді. Португалияның «Спортинг» (Лиссабон) шабуылшысы Тайнан жақын күндері құрама сапына қосылады.

Айта кетелік, қазақстандық футзалшылар бұдан бұрын Еуропа чемпионаты финалдық кезеңінде екі мәрте бақ сынады. 2016, 2018 жылдарда қола жүлде алды.

Алдағы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңі 2022 жылдың 19 қаңтар-6 ақпан аралығында Нидерландының Амстердам және Гронинген қалаларында өткізіледі. Онда барлығы 16 құрама шеберлік байқасады.


Соңғы жаңалықтар