Футзалдан Еуропа чемпионаты: Қазақстан ширек финалға жолдама алды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футзалдан Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионаты финалдық сатысында ширек финалға жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан құрамасы бүгін Италиямен кездесті. Алғашқы минуттан алаңға Игита, Тайнан, Тұрсагұлов, Дуглас, Оразов бестігі шығады.

Ойын барысында оларды Атантаев, Карағұлов, Эдсон, Валиуллин, Кнауб, Тоқаев, Сағындықов алмастырды.

Ойын басынан қос құрама бірден шабуылға шықты. Десе де олар діттеген мақсатына жете алмай жатты.

Ойынның 5-минутында қазақстандық Біржан Оразов мергендік танытса, 8-минутта Азат Валиуллин есепті үстемелей түсті.

Оған 12-минутта Дуглас Николоди бір голмен жауап қайырды.

Екінші кезеңнің 30-минутында Біржан Оразов бүгінгі кездесудегі екінші голын соқты. Ал 38-минутта қазақстандық құрамадан Дуглас Жуниор қорытынды есепті белгіледі.

Кездесуде Қазақстан қарсыласын 4:1 есебімен тізе бүктірді.

Сондай-ақ, В тобында бүгін Словения және Финляндия құрамалары шеберлік байқасты. Кездесуде финляндиялық футзалшылар қарсыласын 2:1 есебімен басым түсті.

Осылайша В тобында 7 ұпаймен Қазақстан бірінші орын алса, 4 ұпаймен Финляндия екінші орын алды. Аталған құрамалар ширек финалға жолдама алды.

Енді олар А тобындағы бірінші және екінші орындағы қарсыластарымен кездеседі.

А тобында бүгін Украина мен Португалия, Нидерланды мен Сербия құрамалары кездеседі. Ойындар елорда уақытымен 01.30-да басталады.

Топтық кезеңде қазақстандық футзалшылар Словениямен 4:4 есебімен тең түссе , одан кейін Финляндияны 6:2 есебімен тізе бүктірді.

Еске салсақ, Қазақстан құрамасы бұған дейін Еуропа чемпионаты финалдық сатысында екі мәрте сынға түсті. 2016 жылы - 3, 2018 жылы 4-орын алды.



Соңғы жаңалықтар