Футзалдан Еуропа чемпионаты: Қазақстан Финляндияны 6:2 есебімен жеңді
2022 жылғы 25 қаңтар 03:11

Футзалдан Еуропа чемпионаты: Қазақстан Финляндияны 6:2 есебімен жеңді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футзалдан 2022 жылғы Еуропа чемпионатында Қазақстан құрамасы топтық кезеңдегі екінші ойынын Финляндияға қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу барысында қос құрама тартысты ойын өткізді. Алғашқы минутта қазақстандық футзалшылардың есеп ашатын мүмкіндігі болған еді. Дегенмен финляндиялық құрама сапынан Мийка Хосио 12-минутта қарсылас қақпасынан саңылау тауып кетті. Оған қазақстандық Біржан Оразов 17-минутта бір голмен жауап берді.

Екінші кезеңде 23-минутта Яни Корпела Финляндияны тағы да алға шығарды. Бұдан кейін қазақстандық қақпашы Игитаның алыстан тепкен добы қақпа торында тулап жатты. Келесі кезекте қазақстандықтар сапынан Арнольд Кнауб 30, Біржан Оразов 32-минутта есепті ұлғайта түсті. Арнольд Кнауб 34-минутта тағы бір мәрте мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ. Ойынның 39-минутта Азат Валиуллин қорытынды есепті белгіледі.

Осылайша Қазақстан қарсыласынан 6:2 есебімен басым түсті.

Айта кетсек, алғашқы турда Қазақстан мен Словения 4:4, Италия мен Финляндия 3:3 есебімен түсті.

Еске салсақ, аталған топта екінші турда Италия мен Словения 2:2 есебімен тең түсті.

Енді үшінші турда 28 қаңтарда Қазақстан мен Италия кездессе, Финляндия мен Словения алаңға шығады.


Сурет: ru.uefa.com

Jańalyqtar

MURAǴAT