Футзалдан Еуропа чемпионаты: Бүгін Қазақстан Италиямен кездеседі
2022 жылғы 28 қаңтар 11:16

Футзалдан Еуропа чемпионаты: Бүгін Қазақстан Италиямен кездеседі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футзалдан 2022 жылғы Еуропа чемпионатында Қазақстан құрамасы топтық кезеңдегі үшінші ойынын Италияға қарсы өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу елорда уақытымен 22.30-да басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Сондай-ақ, аталған топта дәл сол уақытта Финляндия және Словения құрамалары кездеседі.

Екі турдан кейін 4 ұпаймен Қазақстан көш бастап тұр. Алдымен қазақстандық футзалшылар Словениямен 4:4 есебімен тең түссе , одан кейін Словенияны 6:2 есебімен тізе бүктірді.

Одан кейінгі орындардағы Италия мен Словенияның еншісінде екі-екіден ұпайдан болса, Финляндия бір ұпай еншілеген. Сондықтан бүгін қазақстандық футзалшылар жеңіске жетуі немесе тең түсуі қажет. Әрбір топтан алғашқы екі орын алған құрамалар ширек финалға жолдама алады.

Италия әлемде алдыңғы қатардағы құрама қатарында саналады. Әлем чемпионатында бес мәрте бақ сынап, 2004 жылы күміс жүлдегер атанды. Еуропа чемпионатына 8 мәрте қатысып, 2003, 2014 жылдарда әлем чемпионы атағын жеңіп алды.

Айта кетсек, турнир Нидерландының Амстердам және Гронинген қалаларында 19 қаңтар және 6 ақпан күндері өткізіледі.

Еуропа чемпионаты 1996 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бүгінге дейін Испания - 7, Италия - 2, Ресей мен Португалия 1 мәрте чемпион атанды.

Еске салсақ, Қазақстан құрамасы бұған дейін Еуропа чемпионаты финалдық сатысында екі мәрте сынға түсті. 2016 жылы - 3, 2018 жылы 4-орын алды.

Сондай-ақ, бүгін А тобында Украина мен Португалия, Нидерланды мен Сербия құрамалары кездеседі.


Jańalyqtar

MURAǴAT