Футзалдан Чемпиондар лигасы: «Қайрат» турнирдің финалдық сатысына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футзалдан Алматының «Қайрат» командасы UEFA Чемпиондар лигасының финалдық сатысына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін қазақстандық клуб өз алаңында «Юнайтед Галац» клубын қабылдады. Кездесуде «Қайрат» қарсыласынан басым ойнады.

Бірінші кезеңде алматылық команда сапынан Ранжел 4, Савио 12-минуттарда мергендік танытты. Екінші кезеңде де сол қарқынынан қайтқан жоқ. Алдымен Фернандиньо 23, Эдсон 29-минуттарда есепті үстелемей түсті. Ал Шыңғыс Есенаманов 34-минутта дәлдік танытса, оған «Юнайтед Галац» сапынан Андрей Крачон бір голмен жауап қайырды. Кездесу нүктесін 39-минутта қазақстандық футболшы Біржан Оразов қойды. Осылайша «Қайрат» қарсыласын 6:1 есебімен жеңіп, финалдық сатыға жолдама алды.

Естеріңізге сала кетелік, «Қайрат» турнирдің 1/16 финалында сырт алаңда Беларусьтің «ВитЭн» командасын 5:3 есебімен сүріндірді .

«Қайрат» аталған турнирде 2012/2013, 2014/2015 жылдарда жеңімпаз атанған болатын. Бұл уақытта турнир UEFA кубогы деп аталатын.

Айта кетейік, бұдан бұрын аталған турнирдің 1/8 финалында қазақстандық «Ақтөбе» командасы Словенияның «Добовец» клубына 1:2 есебімен жол беріп, ширек финалдан шет қалды. Ақтөбелік футзалшылар 1/16 финалда Грекияның АЕК командасын жеңіп кеткен еді.
Соңғы жаңалықтар