Футзалдан Чемпиондар лигасы: «Қайрат» пен «Аяттың» қарсыластары анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футзалдан УЕФА Чемпиондар лигасында сынға түсетін Алматының «Қайраты» мен Рудныйдың «Аят» командаларының қарсыластары анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жеребе тарту рәсімі Швейцарияның Ньон қаласында 4 шілде күні өткізілді. Естеріңізге сала кетелік, еліміздің атынан сынға түсетін екі клуб та аталмыш турнирдің негізгі кезеңінен бастап қатысады. Онда барлығы 32 клуб шеберлік байқасады.

«Аят» командасы үшінші топқа түсті. Қарсыластары - Испанияның «Барселона», Ресейдің «Тюмень» және Литваның «Витис» клубтары. Бұл топтағы ойындар Литвада өткізіледі.

Алматының «Қайраты» төртінші топта бақ сынайды. Алматылық клуб Испанияның «Мурсия», Ресейдің КПРФ және Венгрияның «Береттьоуйфалу» командаларымен шеберлік байқасады.

Негізгі кезең ойындары 8-13 қазан күндері өткізіледі. Әрбір топтан үздік шыққан үш команда жарыстың элиталық кезеңіне жолдама алады.

«Қайрат» командасы былтыр Чемпиондар лигасының финалына дейін жетті. Финалда Португалияның «Спортинг» (Лиссабон) клубына жол беріп қойды. Олар УЕФА кубогында (қазіргі УЕФА Чемпиондар лигасы) 2012/2013, 2014/2015 жылғы кезеңде бас жүлдеге ие болды. Ал «Аят» былтыр ел біріншілігінде күміс жүлдегер атанып, УЕФА Чемпиондар лигасында тұңғыш рет бақ сынағалы отыр.

Айта кетерлігі, аталмыш турнирде Қазақстаннан басқа Испания, Португалия және Ресей елдерінен ғана екі-екіден команда қатысады.

Соңғы жаңалықтар