Футзалдан Чемпиондар лигасы: «Қайрат» чехиялық командамен тең түсті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футзалдан UEFA Чемпиондар лигасы негізгі сатысында «Қайрат» алғашқы ойындарын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін қазақстандық клуб Чехияның «Пльзень» командасымен шеберлік байқасты.

Ойын барысында «Қайрат» футзалшылары алғашқы сәттен тізгінді қолына алуға тырысты. Десе де чехиялық команда оған бірден мүмкіндік бере қойған жоқ.

Уақыт өте келе қазақстандық команда шабуыл шебінде жиі бой көрсетті. Алдымен 17-минутта Дуглас Жуниор «Қайратты» алға шығарды. Одан кейін 22-минутта Альберт Ақбалықов есепті үстемелей түсті. Ал 23-минутта Михал Гола есеп айырмасын қысқартса, 26-минутта алматылық клубтан Диего Фаверо мергендігімен көзге түсті.

Бұдан кейін «Пльзень» сапынан Михал Сейдлер 28, Томаш Внук 37-минуттарда екі гол соғып кетті. Осылайша таразы басы теңесті.

Кездесу 3:3 есебімен тең аяқталды.

Айта кетейік, «Қайрат» төртінші топта сынға түседі. Қарсыластары - Чехияның «Пльзень», Ресейдің «Тюмень» және Италияның «Пезаро» командалары.

Сондай-ақ, бүгін «Атырау» Словенияның «Добовец» командасымен кездеседі. Ойын елорда уақытымен 00.00-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.


Соңғы жаңалықтар