Футзалдан Чемпиондар лигасы: «Қайрат» «Бенфикадан» жеңіліп қалды

None
Фото: ville-ronchin.fr
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футзалдан Чемпиондар лигасының элиталық сатысында қазақстандық «Қайрат» Португалияның «Бенфика» командасымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алғашқы екі ойында алматылық клуб небәрі бір ұпай жинады. Алдымен Мальтаның «Люксол Сент-Эндрюс» клубымен 0:0 есебімен тең түссе, одан кейін Чехияның «Хрудим» командасына 1:2 есебімен жол берді.

Салдарынан «Қайрат» жарысты жалғастыру мүмкіндігінен айырылды.

Десе бүгінгі ойында олар «Бенфиканың» осал тұсын табуға тырысатын еді. Бұл жанкүйерлер алдындағы басты міндеті болатын.

Кездесу барысында командалар алма-кезек шабуылға көңіл бөлді. Нәтижесінде 6-минутта Альберт Ақбалықов «Қайратты» алға шығарды. Бірінші кезеңде бұдан басқа гол соғылған жоқ.

Екінші кезеңде португалдық команда таразы басын теңестіруге ұмтылған еді. Ойынның 24-минутында Ромуло көздеген нысанадан мүлт кетпесе, 39-минутта Артур «Бенфиканы» алға шығарды.

Осылайша «Қайрат» қарсыласына 1:2 есебімен жол берді.

Сондай-ақ, аталған топта «Люксол Сент-Эндрюс» пен «Хрудим» командалары 2:2 есебімен тең ойнады.

Аталған топта 7 ұпаймен «Бенфика» турнирдің финалдық сатысына жолдама алды. Ал «Қайрат» небәрі бір ұпаймен төртінші орынды місе тұтты.


Соңғы жаңалықтар