Футзалдан әлем чемпионаты: Қазақстан жарыстың келесі сатысына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футзалдан әлем чемпионатының финалдық сатысы топтық кезеңіндегі үшінші ойынында Қазақстан құрамасы Венесуэламен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық футзалшылар А тобында сынға түседі. Қарсыластары - Литва, Венесуэла, Коста-Рика.

Екі құрама аталған топта қайсысының бірінші орын алатынын анықтауға тырысты. Осыған байланысты кездесу де тартысты болды.

Ойынның 5-минутында қазақстандық құрамадан Дуглас Жуниор көздеген нысадан мүлт кеткен жоқ. Бұдан кейін екі құрама тарапынан есепті өзгертетін бірнеше мүмкіндік болған еді.

Венесуэла екінші кезеңде таразы басын теңестіруге ұмтылды. Нәтижесінде ойынның бітуіне небәрі 11 секунд қалғанында дегеніне жетті.

Осылайша Қазақстан құрамасы қарсыласымен 1:1 есебімен тең түсті.

Айта кетсек, қазақстандық футзалшылар алғашқы екі кездесуінде Коста-Рикадан 6:1, Литвадан 3:0 есебімен басым түсті.

Аталған топта Қазақстан құрамасы бірінші орын алса, Венесуэла екінші орынға ие болды. Екеуі жарыстың келесі сатысына шықты.

Сондай-ақ, В тобында Ресей мен Өзбекстан құрамалары да жарысты жалғастыратын болды. Қалған топтардағы алғашқы екі орынға ие болған құрамалар енді анықталады. Олардың қатарына үздік көрсеткішке ие болған тағы төрт құрама қосылады.

Қазақстан құрамасы бұдан бұрын әлем чемпионаты финалдық сатысында екі мәрте бақ сынады. 2000 жылы бірінші кезеңнен аса алмаса, 2016 жылы 1/8 финалға дейін жетті.

Әлем чемпионатының финалы 3 қазанға белгіленген.


Соңғы жаңалықтар