Футзалдан ӘЧ: Қазақстан құрамасы іріктеу сатысының келесі кезеңіне өтті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футзалдан Қазақстан құрамасы бүгін әлем чемпионатының 2-іріктеу сатысында төртінші ойынын Словенияға қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құрамалар Еуропа құрлығы бойынша 5-топта сынға түсті. Алғашқы үш турдан кейін қазақстандық футзалшылар тоғыз ұпай жинаса, словениялықтар еншісінде алты ұпай болды. Бүгінгі кездесуде қазақстандықтар кем дегенде тең түскен жағдайда жарыстың элиталық сатысына жолдама алатын еді.

Екі құрама арасындағы алғашқы ойында қазақстандық футзалшылар 2:0 есебімен жеңіске жетті.

Сондай-ақ ел құрамасы Черногорияны Черногорияны 7:0, 5:1 есебімен тізе бүктірген еді.

Кездесу барысында құрамалар бір-бірінің қақпасы маңында жиі бой көрсетті. Ойынның 4-минутында қазақстандық Альтерт Ақбалықов есеп ашты. Ол ұлттық құрама сапында 50 ойын өткізіп, өзінің 16 голын соқты.

Ал 8-минутта словениялық Жига Чех таразы басын теңестірді. Одан кейін 14-минутта Дәурен Тұрсағұлов Қазақстан құрамасын қайтадан алға шығарса, Тайнан 19-минутта есепті ұлғайта түсті.

Екінші кезеңде словениялық Игорь Омредкар 23, Тео Турк 25 -минутта мергендік танытты.

Кездесу 3:3 есебімен тең аяқталды. Қазақстан құрамасы жарыстың элиталық сатысына жолдама алды.

Айта кетсек, ел құрамасы әлем чемпионатының финалдық сатысында 2000, 2016, 2021 жылдарда сынға түсті. Олар 2021 жылы 4-орынға табан тіреді.

2024 жылғы әлем чемпионаты өтетін ел әзірге анықталған жоқ. Доп додасы сол жылдың қыркүйек-қазан аралығында өткізіледі деп жоспарланып отыр.


Соңғы жаңалықтар