Футзал: Қазақстан құрамасы іріктеу кезеңінен іркілмей өте ме

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футзалдан Қазақстан құрамасы 2020 жылғы әлем чемпионатына іріктеу сатысында алғашқы ойынын Албанияға қарсы өткізеді. Іріктеу сатысы Румынияның Пьятра-Нямц қаласында 23-26 қазан аралығында болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық футзалшылар бесінші топта сынға түседі. Қарсыластары - Албания, Румыния және Голландия құрамалары. Қазақстан құрамасының қарсыластары әлсіз емес. Олардың әрбірінің жарыстың финалдық сатысына жолдама алуына мол мүмкіндік бар.

Қазақстандық футзалшылар бүгінгі күнге дейін екі мәрте әлем чемпионатында бақ сынап қайтты. 2000 жылы құрама Азия чемпионатында финалға дейін жетті. Нәтижесінде әлем чемпионаты финалдық кезеңіне жолдама алды. Дегенмен ол жолы қазақстандық ойыншылар сәтсіз ойын көрсетті. Топтық кезеңде Бразилиядан 1:12, Португалиядан 2:6, Гватемаладан 5:6 есебімен жеңіліп, елге ертерек қайтуға мәжбүр болды.

Одан кейін Қазақстан футбол федерациясы УЕФА құрамына енгелі белгілі. Кәріқұрлықтан қазақстандық құрама 2016 жылғы әлем чемпионатына қатысуға жолдама алды. Әлем чемпионаты финалдық сатысында Аргентина, Коста-Рика және Соломон аралдары құрамаларымен бір топқа түсті. Нәтижесінде алғашқы кездесуде Аргентинадан 0:1 есебімен жеңілгенімен келесі ойындарда Коста-Рикадан 3:1, Соломон аралдарынан 10:0 есебімен басым түсті.

Алғашқы қарсыласымыз - Албания бүгінге дейін толайым табыстарға жете қойған жоқ. Әлем чемпионатының финалдық сатысында ойын көрсете қоймаса да, 2018 жылы Еуропа чемпионатында ел намысын қорғап қайтты.

Румындар бүгінгі күнге дейін әлем чемпионатының финалдық сатысында ойын көрсетіп көрген емес. Есесіне Еуропа чемпионатында үш мәрте бақ сынап үлгерді. Алғаш 2007 жылы құрлықтық додаға қатысқан олар топтық кезеңнен әріге аса алған жоқ. Одан кейін 2012, 2014 жылдарда ширек финалға дейін жетті. Әзірге қол жеткізген жоғары табысы ретінде осындай көрсеткішті айтуға болады.

Ал Голландия әлем чемпионатының финалдық сатысында төрт мәрте сынға түсіп үлгерді. Олар 1989-2000 жылдарда төрт мәрте дүбірлі дода төрінен көрінді. 1989 жылы екінші орын алса, қалған жылдарда екінші кезеңге дейін жетті. Дегенмен жарыстың ширек финалында Испанияға 2:5 есебімен жол беріп қойды.

Қазақстан құрамасы бүгін, 23 қазанда Албаниямен кездеседі. Одан кейін 24 қазанда Голландиямен, 26 қазанда Румыниямен шеберлік байқасады.

Естеріңізге сала кетелік, әлем чемпионатының финалдық кезеңі 2020 жылдың 12 қыркүйек - 4 қазан аралығында Литвада өткізіледі. Онда барлығы 24 құрама сынға түседі.

Соңғы жаңалықтар