Футболшы, қобызшы Татьяна Герасимова: қазақтың тілі де даласындай бай

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Әлеуметтік желілер дамығалы қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілдері арасында блогерлер саны артып, өзіндік аудиториясы қалыптасып келеді. Солардың бірі – Татьяна Герасимова. Ол қазақтың мәдениеті мен дәстүрін де бала күнінен бойына сіңіріп өскен, қобыз аспабын жетік меңгерген. Instagram желісінде 21 мыңнан астам оқырманы бар 21 жастағы Татьяна ҚазАқпарат тілшісіне алдағы жоспарлары туралы айтып берді.

- Татьяна, қазақ тілінде жақсы сөйлейсіз. Тілді қалай үйрендіңіз?

- Орыс ұлтынан болсам да қазақ тілін кішкентай кезімнен білемін. 2002 жылы Ақтау қаласында дүниеге келдім. Ағам екеуміз Ақтаудағы балалар үйінде тәрбиелендік. Қазақ мектебінде білім алдым. Қазақ тілі – өзінің даласындай бай, өте әдемі тіл деп есептеймін. Достарымның басым бөлігі қазақтар. Бірақ, анам қазақ тілінде сөйлемейді.

- Анам деп қалдыңыз, сізді басқа отбасы асырап алды ма?

– Жоқ. Мен 3 жасымнан 18 жасқа дейін балалар үйінде өстім. Туған анамызбен байланыс үзілген емес. Анам ағамды, мені және екі інісін балалар үйіне өткізген болатын. Бірақ, бізді біржола тастап кеткен жоқ. Жиі келіп тұратын. Қазір бәріміз бірге тұрамыз. Біз анамызды кінәламаймыз. Бұл – тағдыр. Тіпті, ол кісіге ешқашан ренжіген емеспіз.

– Негізгі мамандығыңыз қандай?

– Мектепті бітірген соң, Ақтау қаласының 2-ші шағынауданында орналасқан гуманитарлық колледжде білім алдым. Мамандығым – жаттықтырушы. 13 жыл футболмен шұғылдандым. Қазақстан қыздар құрамасында болдым. Шымкент қаласының «БИИК-Қазығұрт» қыздар футбол командасында келісімшарт бойынша 3 жыл ойнадым. Қазір ешқандай командада жоқпын. Футболды әзірше қоя тұрамын. Жан-жақты болғым келеді, өзімді мықты сезінгім келеді.

– Меніңше сіз жан-жақты, әрі белсендісіз. Қазақтың қобызын құйқылжыта тартады екенсіз . Оны қайдан үйрендіңіз?

– Иә, өнерден де құр қол емеспіз. Қобыз курсына алты жыл бардым. Қазақ музыкасында қобыздың алатын орны ерекше. Қобыз адамның дауысын, қасқырдың ұлуын, аққудың қиқуын, жел мен судың үнін бере алады. Бұл аспап маған қатты ұнайды. Қолым бос кезде ойнаймын. Алайда, кәсіби түрде айналысып көрген жоқпын. Бір кездері ән де салғам. Қазақтың тілін ғана емес, мәдениеті мен дәстүрін бала күнімнен бойыма сіңіріп өстім. Енді блогерлікке бет бұрдым. Қазір 21 мыңнан аса оқырманым бар.

– Оқырманыңызбен байланысыңыз қалай?

– Мен өз парақшама күнделікті өмірімді еш бүкпесіз шынайы салып отырамын. Бұл видеоларды қызығушылығым болғандықтан желіге саламын. Қазақ тілінде сөйлеймін. Құдайға шүкір, қазақ тілінде еркін сөйлеп, сауатты жазамын. Оқырмандарымның басым бөлігі – үлкен кісілер. Көшеге шыққанда танып жатады. Менімен суретке түсетіндер бар. «Оқырманыңызбын» десе кәдімгідей қуанып қаламын.

– Сөз арасында, Құдайға шүкір деп қалдыңыз. Шүкіршілік – мұсылманның сипаты. Сіз мұсылмансыз ба?

– Иә, ислам дінін қабылдадым. Бірақ, намаз оқып, мешітке бармаймын. Балалар үйінде жүргенде «Бисмиллә» деп айтып қалғаным бар. Сол кезде достарым «сен енді мұсылмансың» деді. Сол кезде қабылдадым деп ойлаймын.

– Арман, мақсаттарыңыз жайлы айтып берсеңіз?

– Мен арманым туралы посттарымда көп жазамын. Алға қойған мақсатым айтарлықтай. Ең алдымен, оқырмандар санын тағы көбейткім келеді. Сол үшін Ақтаудан Алматыға көшіп келдім. Алматы – жастарға мүмкіндік беретін алып шаһар. Идеяларымды осы қалада жүзеге асырғым келеді. Ақтау қаласыда дүкен ашу жоспарымда бар.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Фото: instagram.com/tanyaa__10
Соңғы жаңалықтар