Футболдан жасөспірімдер лигасы: «Қайрат» жастарының қарсыласы белгілі болды
Турнирді өткізу форматы жаңа нұсқада қаралып отыр. Жеңімпаз команда бір ойын нәтижесі бойынша анықталады. Плей-офф кезеңінің алғашқы сатысындағы ойындар 2 және 3 наурыз күндеріне белгіленген.
Жарыстың 1/32 және 1/16 финалдық кезеңінің ойындары екі бағытта жүргізіледі. Алғашқысы әрбір елдің чемпиондары арасында өткізілсе, екіншісі Чемпиондар лигасы жолымен жүзеге асады. 1/8 финалда бұл жолдар біріктіріледі.
Естеріңізге сала кетелік, биыл аталған турнирде Алматының «Қайрат» командасының жас футболшылары бақ сынайды. Қазақстандық клуб ойыншылары әрбір елдің чемпиондары жолымен қатысады. Қарсыласы - Молдаваның «Шериф» клубының жастары. Ойын сол мемлекетте өткізіледі.
Аталған турнир 2013 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бүгінгі күнге дейін Англияның «Челси» және Испанияның «Барселона» командалары екі-екіден чемпион атанды. Ал Австрияның «Зальцбург», Португалияның «Порту» және Испанияның «Реал Мадрид» командалары бір-бірден жеңімпаз болды.
Айта кетейік, 2015/2016 жылғы кезеңде оған еліміздің атынан елордалық «Астана» жастары қатысты. Олар С тобында Португалияның «Бенфика», Испанияның «Атлетико Мадрид» және Түркияның «Галатасарай» командаларымен сынға түсіп, төртінші орынды місе тұтты.