Футболдан Ұлттар лигасы: Роналду Португалияны финалға шығарды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан УЕФА Ұлттар лигасы финалдық кезеңінің алғашқы жартылай финал ойыны өтті. Бұл жолы Португалия және Швейцария құрамалары кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетелік, бұл бәсеке алғаш рет былтыр басталды. УЕФА құрамындағы 55 құрама төрт лигаға бөлінді. Оның әрбірінде төрт-төрт топтан бар. А лигасында топ үздіктері атанған құрамалар финалдық кезеңге жолдама алды. Нәтижесінде Голландия, Португалия, Швейцария мен Англия құрамалары аталмыш бәсекенің басты жеңімпазын анықтайды.

Бүгінгі кездесу Португалияның Порту қаласындағы «Dragão» стадионында өтті. Әлемнің әр қиырынан жиналған 50 мыңнан астам жанкүйер екі құраманың тартысты бәсекесін тамашалады. Айта кетерлігі, Португалия құрамасының үздігі Криштиану Роналду бүгін алғашқы минуттан жасыл алаңға шықты.

Еске сала кетейік, ол УЕФА Ұлттар лигасы іріктеу кезеңі ойындарына қатысқан жоқ. Десе де финалдық кезеңінде өз құрамасын жетістікке жетелеуге ниет танытты. Аталмыш құраманың бас бапкері Фернанду Сантуш одан өзге негізгі құрамда шығуға Руй Патрисиу, Пепе, Рафаэл Геррейру, Нелсон Семеду, Рубен Диаш, Вилльям Карвалью, Рубен Невеш, Бруну Фернандеш, Бернарду Силва және Жоау Фелишке сенім білдірді. Ал Швейцария құрамасының бас бапкері Владимир Петкович негізгі құрамда шығуға Ян Зоммер, Рикардо Родригес, Фабиан Шёр, Кевин Мбабу, Мануэль Аканджи, Стивен Цубер, Гранит Джака, Денис Закария, Ремо Фройлер, Шердан Шакири және Харис Сеферовичке сенім білдірді.

Кездесу бірінші минуттан-ақ тартысты басталды. Екі құрама да жылдам гол соғудың жолын іздеді. Алғашқы минуттарда Швейцария құрамасының қарқыны ерекше болды. Тіпті, олар гол соғатын бірнеше мүмкіндікті құр жіберіп алды. Ойын барысында Португалия құрамасы да тізгінді қолға алуға тырысты. Сондай сәттердің бірінде Швейцария қақпасы маңында айып добы белгіленген болатын. Оны әлем футболының үздігі Криштиану Роналду өте шебер орындап, өз құрамасын алға шығарды. Бұл кездесудің 25-минуты еді. Аталмыш голдан кейін ойын одан әрі тартысты өрби түсті.

Ойынның екінші кезеңінде Швейцария құрамасы пеналти арқылы таразы басын теңестірді. Алғашқыда төреші оны елеген жоқ еді. Десе де германиялық төреші Феликс Брих 57-минутта VAR жүйесін пайдалана отырып, 11-метрлік нүктені нұсқады. Бұдан кейін ойын алма-кезек шабуылмен жалғасты. Ал 88-минутта Криштиану Роналду екінші голын соқса, 90-минутта хет-триктің авторы атанды. Осылайша Португалия Швейцариядан 3:1 есебімен басым түсіп, финалға жолдама алды.

Енді 6 маусымда Гимарайнш қаласында жасыл алаң төрінде Голландия мен Англия құрамалары шеберлік байқасады. Ал 9 маусымда Портуда чемпион анықталса, Гимарайншта қола жүлдегер белгілі болады. Ойындар QazSport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Соңғы жаңалықтар