Футболдан суперкубок ойыны Алматыда өткізіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан 2019 жылғы Қазақстан суперкубогы ойыны 3 наурызда Алматы қаласында өткізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының хабарлауынша, аталмыш кездесуді Астана және Алматы қалаларында өткізуге ұсыныс түскен еді. Нәтижесінде бұл ойынды мамандар оңтүстік астанадағы орталық стадионда өткізуге шешім қабылдады.

Аталмыш суперкубок ойыны ел футболының тарихында 12 мәрте өткізіледі. Алғаш рет ол 1995 жылы сарапқа салынды. Сол жолы Семейдің «Елімай» командасы Алматы қаласында Өскеменнің «Востогын» 2:0 есебімен жеңіп, кубокты еншіледі. Одан кейін арада біршама жыл үзіліс орын алып, суперкубок ойыны 2008 жылы өткізілді. Ол жолы Қостанайдың «Тобылы» «Ақтөбені» 2:0 есебімен тізе бүктірді. Келесі суперкубок 2010 жылы болды. Онда «Ақтөбе» «Атырауды» 2:0 есебімен жеңді.

Сол жылдан бері суперкубок ойындары жылма-жыл тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бүгінгі күнге дейін оған тоғыз команда шықты.

«Ақтөбе» үш мәрте аталмыш ойында сынға түсті. Үшеуінде де жеңімпаз атанды. Керісінше «Тобыл» екі мәрте бұл кездесуге шыққанымен, қарсыласына есе жіберіп қойды.

Айта кетерлігі, соңғы төрт жылдан бері суперкубокта «Астана» мен «Қайрат» командалары өзара тартысқа түсіп келеді. Оның екеуінде астаналық клуб жеңіске жетсе, екеуінде алматылық футболшылар басым түсті.

Бұған дейін суперкубок ойындары 1995, 2017 жылдары ғана Алматы қаласында өткізілді. Қалған кездесу елордадағы «Астана-арена» стадионында болды.

Бұдан бұрын футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері тағайындалғаны хабарлаған.

Соңғы жаңалықтар