Футболдан Мысыр құрамасы 2018 жылғы Әлем чемпионатына қатыстырылмауы мүмкін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ФИФА Мысыр Футбол федерациясын халықаралық жарыстардан уақытша шеттетуі мүмкін. Интернет-ресурстарда ұйым Мысыр Футбол федерациясына ескерту хат жібергені жөнінде хабар таралды.

footynions.com-ның Туиттердегі парақшасындағы постқа қарағанда, ФИФА-ға ел үкіметінің федерация қызметіне араласып жатқаны мәлім болған. Ал ФИФА ережесіне сәйкес, ұлттық федерациялардың қызметіне «үшінші тараптардың» араласуына тыйым салынады.

Егер Мысыр турнирлерден шеттетілетін болса, 28 жыл дегенде қол жеткізген жолдамасы жарамсыз болып, 2018 жылғы Әлем чемпионатына бара алмауы мүмкін. Бұған дейін Мысыр құрамасы тарихта екі рет: 1934 жылы Италия Корольдігінде және 1990 жылы Италияда өткен мундиалдарға қатысқан. Алайда ФИФА тарапы бұл жөнінде әлі ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Еске сала кетейік, 10 қазанда ФИФА Пәкістан Футбол федерациясының халықаралық жарыстарға қатысуына тыйым салғанын ресми түрде жариялаған болатын.

Бұған ұлттық федерация қызметіне «үшінші тараптың араласуы» себеп болған. ФИФА Пәкістан билігінің федерация кеңсесі мен есепшоттарын бақылауда ұстауы ережеге қайшы келетінін мәлімдеген. Билік бақылауы жойылмайынша, Пәкістан ФИФА аясындағы жарыстар мен шараларға қатыса алмайды.

Соңғы жаңалықтар