Футболдан ҚР Премьер-лигасы: «Қайрат» «Астанадан» 8 ұпайға ұзап кетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының кейінге қалдырылған 6-тур ойыны өтті. Онда «Қайрат» пен «Астана» футболшылары кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Екі команда турнир кестесінде қатарлас келеді. Көш басындағы Алматының «Қайратының» еншісінде 11 ойыннан кейін 26 ұпайы бар. Ал елордалық «Астана» 21 ұпаймен екінші орында тұр. Екеуінің арасындағы айырмашылық - 5 ұпай. Сондықтан бүгінгі кездесуде жеңіске жеткені чемпиондық атаққа бір табан жақындай түсетін еді.

Ойын барысында «Қайраттың» басымдығы байқалып тұрды. Кездесудің 24-минутында Гүлжігіт Алықұлов алматылық клубты алға шығарды.

Екінші кезеңнің 47-минутында «Қайраттың» тағы бір футболшысы Айбол Әбікен есепті үстемелей түсті. Ал 49-минутта «Астана» қорғаушысы Урош Радаковичтің аөз қақпасына гол соғып алды. Кездесуде «Қайрат» бас жүлдеге негізгі қарсыласынан 3:0 есебімен басым түсті.

Осылайша турнир кестесінде «Қайрат» «Астанадан» сегіз ұпайға ұзап кетті. Командалар енді екінші айналымда тағы бір мәрте шеберлік байқасады.

Естеріңізге сала кетелік, 1 қазанда елордалық «Астана» Ақтаудың «Каспийінен» 1:2 есебімен жеңіліп қалды.


Соңғы жаңалықтар