Футболдан ҚР чемпионаты: «Тобыл» мен «Ертіс» тең түсті

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - ҚР чемпионатының 19-турында Қостанайдың «Тобылы» Павлодардың «Ертісін» қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесудің алғашқы он минутында анау айтарлықтай өзгеріс болған жоқ. Владимир Никитенко бүгінгі ойынға жаңадан келген Ионуц Ларие мен Хуан Лесканоны бірінші минуттан шығарды. 

Ойындағы бірінші дәл соққы Самат Жарынбетовтің орындауында болды. Алайда, «Ертіс» қақпашысы Н.Калмыков керек жерден табылды.
Бірінші тайм соңына қарай Аслан Дарабаев орта тұстан допты тартып әкетіп, Бауыржан Тұрысбекке пас ұсынды. Соңғысының добы «Ертіс» қорғаушыларынан серпіліп, бұрышқа шығып кетті. Бұрыштама добы кезінде жарақат алып қалған Ионуц Ларие дәрігерлердің көмегіне жүгінді. 
Екінші тайм басында қостанайлықтар есеп ашатын сәтті мүлт жіберді. Джаба Канкаваның берген пасын Аслан Дарабаев голға айналдыра алмады. 

Қарымта шабуылдардың бірінде алаң иелері гол соқты. Авторы - Самат Жарынбетов. Оған Аслан Дарабаев мүмкіндік жасады. 
«Ертіс» көп ұзатпай есепті теңестіріп кетті. Бұрыштама добынан соң Дору Попадюк соққы жасады. Оның тепкен добы Арман Смаиловқа тиіп қақпаға енді. Есеп - 1:1.

Төреші қосқан минуттарда ешқандай өзгеріс болмады. Осылайша, қостанайлықтар бүгінгі ойыннан бір ұпай еншіледі.

Айта кетейік, кеше 21 шілде күні Қазақстан біріншілігінің 19-тур ойындары аясында үш матч өтті. Талдықорғанның «Жетісуы» өз алаңында «Ақтөбеге» 1:2 есебімен жол берсе, Қарағандыдағы ойында жергілікті «Шахтер» Қызылорданың «Қайсарымен» 2:2 есебімен тең түсті. Сондай-ақ Атырауда жергілікті «Атырау» мен Оралдың «Ақжайығы» кездесіп, ойын 2:0 есебімен атыраулықтардың пайдасына аяқталды.

Осы уақытта «Ордабасы» мен «Қайрат» командаларының матчы өтіп жатыр.  

Соңғы жаңалықтар