Футболдан ҚР біріншілігі: Екі қаладағы матчтардың нәтижесі анықталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 21 шілде күні еліміздің үш қаласында футболдан ел біріншілігінің 19-тур ойындары өтуде. Қазірге дейін аталмыш тур аясындағы екі кездесу мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл турдағы алғашқы ойын Талдықорған қаласында өткізілді. Жергілікті «Жетісу» клубы «Ақтөбе» командасын қабылдады. Аталмыш кездесуде қонақтар 31-минутта гол соғып кетті. Алаң иелері өз айып алаңында өрескел қателікке жол берді. Оны «Ақтөбе» ойыншысы Бағдат Қайыров ұтымды пайдалана білді. Бұдан кейін «Жетісу» жігіттері бірден шабуыл шебін күшейте түсті. Олар 43-минутта таразы басын теңестіруге мүмкіндік алған еді. Дегенмен бұл мүмкіндікті «Жетісу» шабуылшысы Милан Бойович өз пайдасына жаза алған жоқ. Екінші кезеңде талдықорғандық футболшылар гол соғу мүмкіндігін қарастырды. Дегендеріне 66-минутта жетті. Алаң иелері қатарынан Рауль Джалилов таразы басын теңестірді. Десе де кездесу тағдыры 86-минутта соғылған голмен шешілді. Оны «Жетісу» шабуылшысы өз қақпасына соғып алды. Осылайша «Ақтөбе» сегізінші жеңісін тойласа, «Жетісу» тоғызыншы жеңілісіне ұшырады.

Аталмыш турдағы екінші кездесу Қарағандыда жергілікті «Шахтер» мен Қызылорданың «Қайсары» арасында өрбіді. Аталмыш кездесуде жанкүйерлер 4 гол көрді. Алдымен «Қайсар» ойыншыларының қанжығасы майланды. Ойынның 4-минутында  Братислав Пуношевац алаң иелері қателігін шебер пайдаланып, өз командасын алға шығарды. Одан кейінгі гол 57-минутта соғылды. «Қайсардың» жартылай қорғаушысы Владимир Аржанов пенальтиден гол соғып, есепті үстемелей түсті. Бұл гол алаң иелерінің намысын оятқан секілді. 64-минутта Сергей Ткачук гол соғып, есеп айырмасын қысқартты. Ал небәрі төрт минут өткенде «Шахтер» таразы басын теңестірді.  Гол авторы - Марат Шахметов.

Бұл турдағы «Қызылжар» мен «Астана» арасындағы ойын биылғы 25 сәуірде өтіп, сырт алаңда елордалықтар 2:0 есебімен жеңіске жеткен болатын.

Айта кетейік, осы уақытта «Атырау» мен «Ақжайық» командалары арасында кездесу өтіп жатыр. Ол Астана уақытымен 20.30-да басталды.

Ал «Жетісу» бүгін өз алаңында «Ақтөбеге» 1:2 есебімен жол берді. Ал 22 шілдеде «Тобыл» мен «Ертіс», «Ордабасы» мен «Қайрат» командалары кездеседі.

Келеі тур ойындары 28 және 29 шілде күндері болады. 28 шілдеде «Қайсар» мен «Қызылжар», «Астана» мен «Атырау», «Ақжайық» пен «Атырау» командалары кездессе, 29 шілдеде «Ордабасы» мен «Жетісу», «Қайрат» пен «Тобыл», «Ертіс» пен «Шахтер» командалары өзара шеберлік байқасады. 

Соңғы жаңалықтар