Футболдан ҚР біріншілігі: «Атырау» «Ақжайықтан» айласын асырды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда футболдан ел біріншілігі аясындағы 19-тур ойындарының үшінші матчы аяқталды. Алаңда жергілікті «Атырау» мен Оралдың «Ақжайығы» кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Атырау» командасы үстіміздегі жылы өте сәтсіз ойын көрсетіп келеді. Бүгінгі күі турнир кестесінде соңғы орында тұр. «Ақжайыққа» дейін небәрі 2 кездесуде жеңіске жеткен еді. Соңғы рет өз алаңында 28 сәуірде «Жетісу» командасын 1:0 есебімен тізе бүктірді. Содан бері өз алаңында үш рет тең түсіп, төртіншісінде жеңіліске ұшырады. Ал 31 мамырда сырт алаңда Шымкенттің «Ордабасы» клубын 2:0 есебімен жеңді. Десе де одан кейін жеңіске жете алмай жүрген еді.

Есесіне, «Ақжайықтың» жағдайы жаман емес. Олар турнир кестесінде 23 ұпаймен ортан белінде тұрғаны белгілі. «Ақжайық» жігіттері сырт алаңда сәтсіз ойын көрсетеді. Бүгінге дейін олар 10 кездесуде алты рет ұтылды, үшеуінде тең түсіп, біреуінде жеңіске жетті. Ал 7 шілдеде «Ақжайық» Қарағандыда «Шахтерден» 2:1 есебімен басым түсті. Бұдан бұрынғы турда «Атырау» сырт алаңда «Ақтөбеден» 1:5 есебімен жеңіліп, өз жанкүйерлерінің сенімінен шыға алмады. Ал «Ақжайық» өз алаңында «Қызылжардан» 2:0 есебімен айласын асырды.

«Атырау» биыл үш мәрте бас бапкер ауыстырды. Біріншілікті алдымен отандық маман Вахид Масудов бастады. Командадағы сәтсіздіктен кейін оның орнына молдовалық  Андриан Сосновский келді. Ол да «Атыраудың» басындағы жағдайды түзей алмады. Жақында ғана командаға елімізге белгілі маман Виктор Кумыков бас бапкер болып тағайындалды. В. Кумыков жетекшілік еткен алғашқы ойындарда да «Атырау» оңала алған жоқ. Дегенмен, «Атырау» алдағы уақытта өзгелермен терезесі тең ойын көрсетуге мүмкіндігі мол. Оған бүгінгі кездесу дәлел бола алады.

Алғашқы гол 24-минутта соғылды. Оны «Атырау» сапынан Игорь Зенькович сәтті орындай білді. Бұдан кейін екі команда арасындағы кездесу қыза түсті.  Десе де алаң иелерінің басымдығы айқын аңғарылып тұрды. Ал 56-минутта «Атырау» есепті үстемелей түсті. Бұл гол Предраг Сикимичтің еншісіне жазылды. Есеп - 2:0. Осылайша «Атырау» ел біріншілігінде 11 турдан кейін жеңіске қол жеткізді.

Бүгін еліміздің екі қаласында ел біріншілігі аясындағы 19-тур ойындарының матчтары өткенін бұған дейін хабарлаған болатынбыз.

Талдықорғанның «Жетісуы» өз алаңында «Ақтөбеге» 1:2 есебімен жол берсе, Қарағандыдағы ойында жергілікті «Шахтер» Қызылорданың «Қайсарымен» 2:2 есебімен тең түсті. Айта кетейік, осы турда 22 шілдеде «Тобыл» мен «Ертіс», «Ордабасы» мен «Қайрат» командалары кездеседі.

20-тур ойындары 28 және 29 шілде күндері болады. 28 шілдеде «Қайсар» мен «Қызылжар», «Астана» мен «Атырау», «Ақжайық» пен «Атырау» командалары кездессе, 29 шілдеде «Ордабасы» мен «Жетісу», «Қайрат» пен «Тобыл», «Ертіс» пен «Шахтер» командалары өзара шеберлік байқасады. 

Соңғы жаңалықтар