Футболдан Конференция лигасында «Астана» «Ракувтан» ойсырай жеңілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық «Астана» UEFA Конференция лигасының екінші іріктеу сатысындағы алғашқы ойынын сырт алаңда Польшаның «Ракув» командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесуді алаң иелері белсенді бастады. Нәтижесінде олардың қатарынан Иван Лопес 4-минутта есеп ашып кетті. Бұдан кейін қазақстандық команда таразы басын теңестіруге ұмтылды. Дегенмен ойлаған мақсатына жете алмай жатты.

Бірінші кезеңнің 21-минутында «Ракув» ойыншысы Деян Сореску қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Осыдан соң «Астана» басымдықты арттырған секілді еді. Польшалық клуб негізінен қорғанысқа көңіл бөлді.

Ойынның 41-минутында «Ракув» сапынан Матеуш Вдовяк елордалық команда қақпашысын қапы қалдырып, есепті үстемелей түсті.

Ал польшалық командада Владислав Гутковский – 65, Владислав Кочергин 76-минуттарда гол соқты.

Сондай-ақ 95-минутта елордалық команда қақпасына белгіленген пенальтиден Фран Тудор мүлт кеткен жоқ.

Осылайша «Астана» қарсыласына 0:5 есебімен жеңіліп қалды.

Қарымта ойын 28 шілдеге белгіленген.

Еске салсақ, 21 шілдеде аталған турнирде Петропавлдың «Қызылжары» хорватиялық «Осиек» командасынан 1:2 есебімен жеңіліп қалды.

Сондай-ақ «Тобыл» жеңіп, «Қайрат» қарсыласына есе жіберді.


Соңғы жаңалықтар