Футболдан Конференция лигасы: «Қайрат» «Базельге» жол берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 25 қарашада UEFA Конференция лигасы топтық сатысында қазақстандық «Қайрат» бесінші ойынын Швейцарияның «Базель» командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еурокубок ойындарын алматылық клуб сәтсіз өткізіп келеді. Қазірге дейін «Қайрат» өз тобында 1 ұпаймен соңғы орында тұр. «Базель» 8 ұпаймен екінші орынға жайғасқан еді.

Бірінші кезеңнің 23-минутта алматылық клубтан Вагнер Лав есеп ашты. Ал 45-минутта «Базель» ойыншысы Артур Кабрал пенальтиден таразы басын теңестірді.

Екінші кезеңнің 56-минутта Камо Оганесян қайтадан «Қайратты» алға шығарды. Өкіншке орай, одан кейін швейцариялық клубтан Эдон Жегрова 69, Пайтим Касами 72-минуттарда көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Осылайша «Қайрат» қарсыласынан 2:3 есебімен жол берді.

Айта кетсек, бүгін бразилиялық шабуылшы Вагнер Лав «Қайрат» құрамындағы соңғы ойынын өткізді. Ол былтыр жаздан бері алматылық клуб намысын қорғаған болатын.

Екі команда арасындағы алғашқы ойында «Базель» 4:2 есебімен басым түсті.

Айта кетсек, «Қайрат» H тобында сынға түседі. Қарсыластары - Швейцарияның «Базель», Әзербайжанның «Карабах» және Кипрдің «Омония» командалары.

«Қайрат» енді алтыншы тур ойынын 9 желтоқсанда Кипрде «Омония» командасына қарсы өткізеді.


Соңғы жаңалықтар