Футболдан клубтар арасындағы әлем чемпионаты: «Реал Мадрид» финалға шықты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мароккода футболдан клубтар арасындағы әлем чемпионатында финалға шыққан командалар толық анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екінші жолдама Испанияның «Реал Мадрид» клубына бұйырды. Испаниялық клуб 8 ақпанда жартылай финалда Египеттің «Аль-Ахли» командасын орта жолда қалдырды.

Ойын барысында испаниялық клубтан Винисиус Жуниор 42, Федерико Вальверде 46, Родриго 92, Серхио Аррибас 98-минутта мергендік танытты. Оған «Аль-Ахли» сапынан Али Малул пенальтиден 65-минутта бір голмен жауап қайырды.

Египеттік клуб алдымен Жаңа Зеландияның «Окленд Сити» клубын 3:0 есебімен қапы қалдырса, одан кейін ширек финалда АҚШ-тың «Сиэтл Саундерс» клубын 1:0 есебімен жеңді.

Ал «Реал Мадрид» турнирдегі алғашқы ойынын бірден жартылай финалдан бастады.

Енді «Реал Мадрид» 11 ақпанда финалда Сауд Арабиясының «Аль-Хиляль» командасымен шеберлік байқасады. Аталған клуб жартылай финалда Бразилияның «Фламенго» клубын 3:2 есебімен тізе бүктірді.

Турнирдің 3-орын үшін сайыс пен финалы 11 ақпанға белгіленген.

Аталған турнир 2000 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұған дейін 11 команда жеңімпаз атанды. Олардың арасында «Реал Мадрид» 2014, 2016, 2017, 2018 жылдарда 4 мәрте чемпион атанған еді.

Фото: sports.ru


Соңғы жаңалықтар