Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері тағайындалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болып 53 жастағы чех маманы Михал Билек тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қазақстан футбол федерациясына сілтеме жасап.

Михал Билек Чехословакияның Прага қаласында 1965 жылы 13 сәуірде дүниеге келген. Футболшы кезінде Чехословакия және Чехия құрамаларының жартылай қорғаушысы болған. Бапкерлік қызметін чехиялық «Теплице» клубында бастады. Сонымен қатар, «Картахинес» (Коста-Рика), «Хмел», «Виктория Плзень», «Спарта Прага», «Высочина» (барлығы - Чехия), «Ружомберок» («Словакия»), «Динамо Тбилиси» (Грузия) футбол клубтарын жаттықтырды. Соңғы жұмыс орны - чехиялық «Фастав Злин» командасы болды.

Михал Билектің бапкерлер штабына көмекші ретінде словакиялық Михал Хипп және Талғат Байсуфинов енді. Ал қақпашылардың бапкері қызметін Николай Родионов атқарады.

Михал Билектің бапкерлік қызметтегі жетістіктері аз емес. «Спарта Прага» командасымен 2006/2007 жылдарда Чехия чемпионы атанса, сол кезеңде ел кубогына қол жеткізді. 2003 жылы Чехия жастар құрамасымен 19 жасқа дейінгі Еуропа чемпионатының қола жүлдегері болды. 2012 жылы Чехия ұлттық құрамасымен Еуропа чемпионатының ширек финалына дейін жетті.

Айта кетелік, бұдан бұрын Қазақстан ұлттық құрамасына болгар маманы Станимир Стоилов жетекшілік жасаған. Ол 17 қаңтар күні бұл қызметінен кетті.

Соңғы жаңалықтар