Футболдан Қазақстан мен Данияның бас бапкерлері бүгінгі ойынға баға берді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу сатысында Қазақстан құрамасы Данияны жеңгеннен кейін бас бапкерлер ойын жайында пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетсек, қазақстандық футболшылар елордада Даниядан 3:2 есебімен басым түсті.

Кездесуде ел құрамасынан Бактиёр Зайнутдинов 73-минутта пенальтиден гол соқса, Асхат Тағыберген 86, Абат Айымбетов 89-минутта мергендік танытты. Дания құрамасынан Расмус Хёйлунн 21, 36-минутта екі гол соққан еді.

«Әрине, жеңіске өте қуаныштымыз. Қолайсыз жеңілістен кейін өз алаңымызда жанкүйерлер алдында оң нәтижеге қол жеткізуге тырыстық. Қарсылас оңай емес екенін түсіндік. Соған қарамастан қалпымызға келуге көңіл бөлдік. Десе де өз алаңымыздағы жеңіліс құрамаға біршама әсер етті. Шегінерге жер жоқ. Бұл жайында ойыншылармен әңгімелестік. Даниямен кездесуде бірінші кезең біз ойлағандай болған жоқ. Екі голдың соғылуы қателіктер салдарынан соғылды. Екінші кезеңде ойыншылардың бір-бірін түсінуі оңайға соқты. Оны оңтайлы пайдалана алдық», - деді Қазақстан құрамасының бас бапкері Магомед Адиев.

Даниялық бас бапкері Каспер Юльманн ойынның соңғы минуттарында өз құрамасының нашар ойын көрсеткенін атап өтті.

«Қазақстан құрамасын жеңісімен құттықтаймын! Нәтижеге көңіліміз толмайды. Ойынның басым бөлігінде жақсы ойын көрсеттік. Ал соңғы 15 минут біз үшін өте қолайсыз болды. Бұл тактикаға қатысты емес. Көңіл-күйге байланысты. Бұл көрсеткіш соңғы рет қайталанып отыр деп ойлаймын», - деді ол.

Енді Қазақстан алдағы ойынын 16 маусымда сырт алаңда Сан-Мариноға қарсы өткізеді.

Бүгін Н тобында, сондай-ақ Словения – Сан-Марино, Солтүстік Ирландия – Финляндия құрамалары кездеседі.

Фото: sports.kz

Соңғы жаңалықтар