Футболдан Қазақстан құрамасы Венгриямен ойнайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан Қазақстан құрамасы Венгриямен жолдастық кездесу өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР футбол федерациясына сілтеме жасап.

«Екі елдің федерациялары арасында жолдастық кездесу өткізу туралы келісімге қол қойылды. Матч 23 наурыз күні Венгрия астанасы Будапештте «Групама Арена» стадионында өтеді», - делінген федерация сайтында.

Бүгінгі күні Венгрия құрамасы ФИФА рейтингінде 54-орында тұр. 2016 жылғы Еуропа чемпионатының топтық кезеңінде бірінші орын алды. 1/8 айналымда Бельгия құрамасына есе жіберді.

Өткен жылдың күзінен бастап Венгрия құрамасын бельгиялық маман Жорж Лекенс жаттықтырады. Ол Тунис, Алжир және Бельгия ұлттық құрамаларын жаттықтырған. Сонымен қатар 68 жастағы бапкер бельгиялық «Андерлехт», «Брюгге», «Гент», «Локерен», түркиялық «Трабзонспор» және голландиялық «Рода» клубтарында да еңбек етті.

Қазіргі Венгрия құрамасынан Балаж Джуджак, Тамаш Пришкин, Адам Салаи және басқаларын атап көрсетуге болады.  

«Біздің команда үшін соңғы Еуропа чемпионатының басты сенсациясына айналған Венгрия құрамасымен ойнау өте қызықты болмақ. Өткен ғасырдың ортасында Венгрия футболы Еуропа мен әлемде ең мықты ұжымдардың бірі саналды.  Венгрия футболы қазіргі таңда жаңа деңгейге шығып келеді. Оны ұлттық құраманың нәтижелерінен байқауға болады. Біздің команда оң нәтижеге қол жеткізіп, жанкүйерлерге қуаныш сыйласа екен деймін», - деді Қазақстан футбол федерациясының Бас хатшысы Азамат Айтқожин.

Еске сала кетейік, 2014 жылы қос құрама жолдастық кездесу өткізген болатын. Будапештте өткен ойын алаң иелерінің жеңісімен аяқталған еді.

Соңғы жаңалықтар