Футболдан Қазақстан кубогының финалына шыққан алғашқы команда анықталды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан Қазақстан кубогының финалына шыққан алғашқы команда анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында «Тараз» командасын қабылдайды. Кездесу барысында алаң иелері жинақылық көрсетті. Нәтижесінде бірінші кезеңде қарсылас қақпасына жауапсыз үш гол соғып үлгерді.

Ойынның 19-минутында оралдық командадан Тома Табатадзе есеп ашса, Петрос Аветисян 38, Сабино Дос Сантос Рафаэль 45-минутта есепті үстемеледі.

Екінші кезеңде тараздық команда гол соғу мүмкіндігін іздеді. Тараздық Марат Шахметов 75-минутта «Ақжайық» қақпасының торын тулатса, одан кейін оралдық клубтан Артур Газданов 78, Оралхан Оміртаев 82-минутта мергендік танытты.

Ал тараздық клубтан Дәурен Жұмат 87, Мақсат Әмірханов 88-минутта гол соғып, есеп айырмасын қысқартты.

Осылайша «Ақжайық» қарсыласын 5:3 есебімен басым түсіп, финалға жолдама алды.

Бұған дейін «Ақжайық» командасы аталған турнирдің финалына шығып көрген емес. Осылайша өз тарихында тұңғыш мәрте кубокты сарапқа салуға мүмкіндік алып отыр.

Олардың қарсыласы «Астана» мен «Ордабасы» кездесуінен кейін анықталады. Аталған ойын 19:00-де басталып, ПФЛК-ТВ телеарнасы арқылы тікелей эфирде көрсетіледі.

Аталған турнир 1992 жылдан бері тұрақты өткізіліп келеді.

Бұған дейін Алматының «Қайраты» 10 мәрте кубокты төбесіне көтерді. Барлығы 15 команда кубок иегері атанды.




Фото: Айбатыр Нұраш




Соңғы жаңалықтар