Футболдан Қазақстан кубогы Таразда өтуі мүмкін

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан 2019 жылғы Қазақстан кубогының финалы Тараз қаласында өтуі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы басшылығы командалардың спорттық директорларымен футболдан Қазақстан кубогы финалы өтетін стадионды сарапқа салды. Кубок сарапқа салынатын кездесу финалда сынға түсетін командаларға бейтарап алаңда өтуі тиіс.

Естеріңізге сала кетелік, қазіргі күні футболдан Қазақстан кубогы жартылай финалына Қостанайдың «Тобыл», Қызылорданың «Қайсар», Шымкенттің «Ордабасы» және Атыраудың «Атырау» командалары шықты. Жартылай финалдың алғашқы кездесуінде Шымкентте «Ордабасы» клубы «Атыраумен» 1:1 есебімен тең түссе, Қостанайда «Тобыл» «Қайсарды» 1:0 есебімен тізе бүктірді. Қарымта ойындар 19 маусымда өткізіледі.

Сондай-ақ, финалдық ойын өткізуге үміткерлер қатарында Талдықорған, Қостанай және Павлодар қалаларындағы стадиондар бар.

Айта кетейік, осы уақытқа дейін Алматының «Қайраты» 9 мәрте Қазақстан кубогы иегері атанды. Одан кейінгі орындарда «Астана-1964» (бұрынғы «Жеңіс») пен «Астана» командаларында үш-үштен кубок бар. Ал «Ертіс», «Тараз», «Восток», «Тобыл», «Ақтөбе», «Шахтер», «Атырау», «Қайсар», «Алма-Ата», «Ордабасы», «Достық», «Спартак» (Семей), СКИФ-«Ордабасы» және «Қызылжар» командалары бір-бір мәрте жеңімпаз болды.

Соңғы жаңалықтар