Футболдан Қазақстан кубогы: Ширек финалға шыққан алты команда анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан Қазақстан кубогының алтыншы турындағы екі ойын күні аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматының «Қайраты» сырт алаңда Ақтаудың «Каспий» клубын 4:2 есебімен жеңді. Ойын барысында алматылық клуб сапынан Раде Дугалич 6, 34, Айбол Әбікен 9, Хосе Канте 44-минуттарда мергендік танытты. Оған ақтаулық командадан Шафик Тигруджа 41, Рамазан Каримов 46-минутта екі голмен жауап қайырды.

Осылайша D тобында «Қайрат» тоғыз ұпаймен екінші орын алды. Ал 13 ұпаймен «Каспий» бірінші орынға шықты.

В тобында Қостанайдың «Тобылы» бүгін «Атырауды» 3:1 есебімен жеңіп, 12 ұпаймен көш басына шықты. Екінші орындағы «Тараздың» 10 ұпайы бар. Олар, кеше «Мақтаралмен» 1:1 есебімен тең ойнады.

С тобында ширек финалға 10 ұпаймен «Астана» мен «Қайсар» шықты. Алтыншы турда «Астана» «Ақтөбемен» 1:1 есебімен тең түссе, «Қайсар» «Ақжайықтан» 3:0 есебімен басым түсті.

Әзірге А тобында алғашқы екі орындағы команда анықтала қойған жоқ. Десе де ширек финалға шығудан «Шахтер», «Қызылжар» және «Ордабасы» клубтарының үміті бар.

Кеше кейінге қалдырылған бесінші тур ойынында «Шахтер» «Ордабасыны» 3:0 есебімен жеңді. Бұл топта алтыншы турда 17 тамызда «Қызылжар» (Петропавл) мен «Шахтер» (Қарағанды), «Ордабасы» (Шымкент) мен СДЮШОР №8 (Нұр-Сұлтан) кездеседі.

Әзірге ширек финалда екі жұп белгілі болды. Жарыстың аталған сатысында «Астана» мен «Каспий», «Қайрат» пен «Қайсар» командалары шеберлік байқасады. Қалған екі жұп 17 тамыздағы «Қызылжар» мен «Шахтер» кездесуінен кейін белгілі болады.

Ширек финалдың алғашқы ойыны 21, 22 тамыз күндеріне белгіленсе, қарымта кездесу 22 қыркүйекте өтеді.


Соңғы жаңалықтар