Футболдан Қазақстан кубогы: «Қайрат» өз алаңында «Каспийден» жеңіліп қалды
Кездесу барысында «Қайрат» жасыл алаңға негізінен жастарды шығарды. Ал «Каспий» тәжірибелі ойыншыларына сенім артты. Ақтаулық клубтан 39-минутта Никола Цуцкич есеп ашты. Екінші кезеңнің 54-минутында Алексей Зелеский есепті үстемелей түсті. Нәтижесінде «Каспий» сырт алаңда қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсті.
Бірінші топта ойын көрсететін Түркістан облысының «Мақтаралы» өз алаңында «Таразға» 1:2 есебімен жеңілді. Кездесуде алаң иелерінен Едіге Оралбай 16-минутта есеп ашқан болатын. Дегенмен мақтаралдық Марлен Айманов 28-минутта автогол авторы атанып, таразы басы теңесті. Ал 41-минутта тараздық Урош Ненадович мергендік танытып, кездесу нүктесін қойды.
Оралда жергілікті «Ақжайық» өз алаңында Қызылорданың «Кайсарын» қабылдаған болатын. Екі команда 0:0 есебіне қанағат білдірді.
Еске салсақ, 16 шілдеде «Астана» «Ақтөбені», «Шахтер» «Қызылжарды» 3:2 есебімен жеңсе, «Тобыл» «Атырауды» 2:0 есебімен тізе бүктірді.
Енді 18 шілдеде №8 БЖМОРСМ (Нұр-Сұлтан) мен «Ордабасы» (Шымкент), «Тұран» (Түркістан) мен «Жетісу» (Талдықорған) екінші турды түйіндейді.
Айта кетсек, биыл аталған дода жаңа талаптар бойынша ойналады.
Топтық кезеңде Премьер-лиганың 14 командасы мен іріктеу кезеңінен іркілмей өткен бірінші лиганың екі клубы төрт топқа бөлінген.