Футболдан Қазақстан кубогы: «Атырау» мен «Ордабасы» жартылай финалға шықты
Алғашқы кездесу Семейде жергілікті «Алтай» мен «Атырау» командалары арасында өтті. Жеңімпаз ойын соңындағы пенальти тебу арқылы анықталды. Ойынның негізгі кезеңі 1:1 есебімен тең аяқталды. Алдымен 12-минутта «Атырау» ойыншысы Ринат Жұматов есеп ашты. Ал 48-минутта семейлік Владимир Вяткин таразы басын теңестірді. Төреші қосқан қосымша кезеңде де жеңімпаз анықталған жоқ. Пенальти сериясында «Атырау» командасы 3:1 есебімен жеңіске жетті.
«Алтай» командасы жарыстың 1/8 финалында Нұр-Сұлтан қаласының «Астана» командасын пенальтиден орта жолда қалдырып кеткен еді.
Ширек финалдағы тағы бір ойын Тараз қаласында өтті. Бұл кездесуде 11-минутта «Ордабасы» ойыншысы Максим Ваганов гол соғып кетті. Осылайша, «Ордабасы» 1:0 есебімен жеңіске жетіп, жартылай финалға шықты.
Бүгін тағы екі матч өтеді. Павлоларда жергілікті «Ертіс» Қызылорданың «Қайсарымен», Алматыда «Қайрат» Қостанайдың «Тобылымен» кездеседі.
Айта кетейік, осы уақытқа дейін Алматының «Қайраты» 9 мәрте Қазақстан кубогы иегері атанды. Одан кейінгі орындарда «Астана-1964» (бұрынғы «Жеңіс») пен «Астана» командаларында үш-үштен кубок бар. Ал «Ертіс», «Тараз», «Восток», «Тобыл», «Ақтөбе», «Шахтер», «Атырау», «Қайсар», «Алма-Ата», «Ордабасы», «Достық», «Спартак» (Семей), СКИФ-«Ордабасы» және «Қызылжар» командалары бір-бір мәрте жеңімпаз болды.