Футболдан Қазақстан кубогы: «Астана» ширек финалға жолдама алды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордалық «Астана» футболдан Қазақстан кубогы ширек финалына жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Астана» алтыншы турда сырт алаңда «Ақтөбе» командасымен 1:1 тең түсті. Жеңілген жағдайда елордалық клуб ширек финалға шығудан шет қалатын. Ойынның 15-минутында ақтөбелік Максим Самородов есеп ашса, 85-минутта «Астана» ойыншысы Марин Томасов таразы басын теңестірді.

Нәтижесінде «Астана» С тобында бірінші орын алды. Екінші орын Қызылорданың «Қайсар» командасына бұйырды. Олар кеше, 14 тамызда өз алаңында «Ақжайықты» 3:0 есебімен жеңді.

Сондай-ақ, кеше «Тараз» бен «Мақтарал» 1:1 есебімен тең ойнаса, «Жетісу» «Тұраннан» 1:0 есебімен басым түсті.

Ал сол күні кейінге қалдырылған бесінші тур ойынында Қарағандының «Шахтері» Шымкенттің «Ордабасы» клубын 3:0 есебімен ойсырата жеңді.

Бүгін «Атырау» мен «Тобыл» (Қостанай), «Каспий» (Ақтау) мен «Қайрат» (Алматы) командалары кездесуде.

Ал 17 тамызда «Қызылжар» (Петропавл) мен «Шахтер» (Қарағанды), «Ордабасы» (Шымкент) мен СДЮШОР №8 (Нұр-Сұлтан) алтыншы турды түйіндейді.
Соңғы жаңалықтар