АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан 2023 жылғы Қазақстан кубогы 1/8 финалында ойнайтын барлық команда анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін, 31 наурызда аталған турнирдің екінші іріктеу кезеңі аяқталды.
Семейдің «Елімай» клубы Түркістанның «Тұранына» овертаймда 1:2 есебімен жол берді. Ал 30 наурызда Оралдың «Ақжайығы» Шымкенттің «Оңтүстік академиясы» клубын 7:1 есебімен сүріндірді.
Осылайша жарыстың 1/8 финалына «Тұран» мен «Ақжайық» жолдама алды. Жарыстың аталған сатысында «Тұран» Ақтаудың «Каспийімен» жұп құраса, «Ақжайық» Алматының «Қайратына» қарсылас атанды.
1/8 финалдағы барлық қарсыастар төмендегіше:
«Астана» - «Қайсар» (Қызылорда)
«Каспий» (Ақтау) - «Тұран» (Түркістан)
«Ордабасы» (Шымкент) - «Мақтаарал» (Түркістан облысы)
«Қызылжар» (Петропавл) – «Жетісу» (Талдықорған)
«Шахтер» (Қарағанды) - «Оқжетпес» (Көкшетау)
«Тобыл» (Қостанай) - «Ақсу» (Павлодар облысы)
«Ақтөбе» - «Атырау»
«Қайрат» - «Ақжайық» (Орал)
Қазақстан кубогының 1/8 кезеңінен бастап қатысушылар өзара екі ойын өткізеді. Жұптардағы алғашқы ойын рейтингте орны жоғары команданың алаңында өтеді. Жарыстың аталған сатысындағы ойындар 19 және 29 сәуір күндеріне белгіленген.