Футболдан Қазақстан кубогі: «Тобыл» «Қайсарды» төрт жылдан кейін жеңді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан Қазақстан кубогі жартылай финалының алғашқы ойындары мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұдан бұрын жартылай финалдағы бірінші ойынның алғашқы кездесуі мәресіне жеткенін хабарлаған едік. Шымкентте жергілікті «Ордабасы» мен «Атырау» командалары 1:1 есебімен тең түсті. Одан кейінгі ойын Қостанайда «Тобыл» мен Қызылорданың «Қайсары» арасында жалғасты.

Қазақстан кубогінде «Тобыл» алдымен 1/8 финалда сырт алаңда Павлодар облысының «Ақсу» клубын 3:0 есебімен тізе бүктіріп, одан кейін Алматының «Қайратын» 5:1 есебімен орта жолда қалдырды. «Тобыл» Қазақстан кубогіне 2007 жылы қол жеткізген еді. Сол жылы финалда Шымкенттің «Ордабасы» командасынан 3:0 есебімен басым түсті. Сондай-ақ, қостанайлық клуб 2003 және 2011 жылдары финалға дейін жетті. Ал 2001 және 2008 жылдарда жартылай финалда сынға түсті.

Қызылорданың «Қайсары» сырт алаңда 1/8 финалда «Оңтүстік академиясын», ширек финалда Павлодардың «Ертісін» 2:1 есебімен жеңіп кетті. «Қайсар» командасы 1999 жылы кубокқа ие болып, ол жолы Өскеменнің «Востогынан» 2:1 есебімен басым түсті.1998 жылы финалға дейін жетсе, 2007 жылы жартылай финалда бақ сынады.

Айта кетерлігі, «Тобыл» «Қайсарды» соңғы төрт жылдан бері Қазақстан біріншілігінде жеңе алмай келе жатқан еді. Соңғы рет «Тобыл» «Қайсарды» Қызылордада 2015 жылдың 13 қыркүйегінде 2:1 есебімен жеңіп кеткен еді. Сондай-ақ, биыл қостанайлық клуб 12 мамырда өткен ел біріншілігінің 10-турында 1:5 есебімен ойсырай жеңілгені белгілі.

Бүгінгі кездесуде «Тобыл» сол олқылықтардың орнын толтыруға тырысты. Олар шабуыл шебінде көбірек бой көрсетті. Әсіресе, екінші кезеңде белсенділгі айқын аңғарылды. Нәтижесінде 74-минутта Максим Федин өз командасын алға шығарды. Кездесуде «Тобыл» 1:0 есебімен жеңіске жетті. Қарымта кездесу 19 маусымда Қызылордада өтеді. Жеңімпаз екі кездесудің нәтижесі бойынша анықталады.

Екінші айналым ойындары 26 мамырда басталады. Бұл күні «Жетісу» мен «Қайсар», «Ақтөбе» мен «Ордабасы», «Ертіс» пен «Атырау», «Оқжетпес» пен «Астана», «Тараз» бен «Тобыл», «Шахтер» мен «Қайрат» командалары кездеседі.

Соңғы жаңалықтар