Футболдан Қазақстан чемпионатында «Ақжайық» пен «Тұран» тең ойнады

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Футболдан Қазақстан чемпионатында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында Түркістанның «Тұран» командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл бірінші айналымда ауа райына байланысты өтпей қалған 2-турдың ойыны болатын.

Қарсыластар осыған дейін өзара үш рет кездесіп, біреуінде оралдықтар жеңіске жетіп, екеуі тең аяқталған еді.

Турнир кестесінде «Ақжайық» 21 ұпаймен 13-орында тұрса, одан екі ұпайы артық «Тұран» 11-сатыда келеді. Сондықтан матч қос команда үшін де аса маңызды еді.

Бірінші таймда оң қанаттан өрбіген шабуылдан кейін 21-минутта «Тұранның» қорғаушысы, Беларусь легионері Андрей Залеский өз қақпасына гол соғып алды. 29-минутта түркістандық Самир Фазли айып добын орындағаннан кейін таразы басы теңесті – 1:1.

Екінші таймда қонақтар сапында дөрекі ойнаған Михаил Башилов 68-минутта алаңнан қуылды. Бұдан кейін алаң иелері қанша тырысқанымен, ештеңе шығара алмады. Қорытынды есеп – 1:1.

Келесі турда «Ақжайық» 9 қазанда сырт алаңда «Мақтааралмен», «Тұран» «Шахтермен» ойнайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын футболдан Қазақстан чемпионатында «Ақжайықтың» көш басындағы «Ақтөбені» ұтқанын жазған болатынбыз.


Суреттерді түсірген Айбатыр НҰРАШ


Соңғы жаңалықтар