Футболдан Қазақстан чемпионатында «Ақтөбе» көш бастады
2022 жылғы 2 шілде 20:48

Футболдан Қазақстан чемпионатында «Ақтөбе» көш бастады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Футболдан Қазақстан чемпионатының 16-турында Қарағандының «Шахтері» өз алаңында «Ақтөбені» қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеліктер мұның алдында қатарынан үш рет жеңіске жеткен-ді. Соның ішінде ел чемпионы Қостанайдың «Тобылы» мен «Астананы» ұтқан еді.

Алаң иелері соңғы бес ойынның біреуінде ғана жеңіске жетті. Бұл қазақстандық маман Вахид Масудовтың «Шахтердің» бас бапкері ретіндегі алғашқы матчы болатын.

Бірінші таймда қарағандылық Тимур Досмағамбетов 12-минутта 11 метрлік айып добын мүлтіксіз орындады. 47-минутта Роман Муртазаев есепті 2:0-ге жеткізді.

Екінші таймда қонақтар басымдылық танытты. Т. Досмағамбетов өз алаңында қолмен ойнағаннан кейін Әлібек Қасым 54-минутта пенальтиден мүлт кеткен жоқ. Жерар Гоу 75-минутта таразы басын теңестірсе, 82-минутта «Ақтөбенің» сұрмергені Уго Видемонт жеңіс голын соғып кетті – 3:2.

Осылайша, 26 ұпай жинаған Андрей Карповичтің шәкірттері турнир кестесінде бірінші орынға шықты. «Шахтер» 17 ұпаймен 9-сатыда қалды.

Келесі турда 26 тамыз күні «Шахтер» сырт алаңда «Мақтааралмен» шеберлік байқасса, «Ақтөбе» «Ақсуды» қабылдайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайық» футбол клубына жаңадан бес ойыншы алынғанын жазған болатынбыз.

Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT