Футболдан Қазақстан біріншілігі: «Тобыл» жетінші жеңісіне қол жеткізді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің он екінші туры мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Соңғы екі кездесудің бірінде Қостанайда «Тобыл» Петропавлдың «Қызылжарын» қабылдады. Алаң иелері қарсыластар қақпасына жиі шабуылдады. Осындай сәттердің бірінде қостанайлық Неманья Николич 63-минутта мергендік танытса, 77-минутта Серікжан Мужиков пенальтиден мүлт кеткен жоқ. Осылайша «Тобыл» қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсті.

Ал «Атырау» өз алаңында Шымкенттің «Ордабасы» клубын қабылдады. Аталған кездесуде командалар бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ. Нәтижесінде командалар 0:0 есебіне қанағат білдірді.

Бүгін, 19 мамырда Ақтаудың «Каспий» командасы өз алаңында Қарағандының «Шахтерін» 3:0 есебімен сүріндірсе, «Тараз» өз алаңында көш соңында келе жатқан Талдықорғанның «Жетісуына» 2:3 есебімен жол берді.

Ал кеше, 18 мамырда Оралдың «Ақжайығы» Түркістанда «Тұранды» 2:0, елордалық «Астана» Қызылордада «Қайсарды» 5:2 есебімен жеңді. Ал Алматыда «Қайрат» «Ақтөбені» 4:2 есебімен тізе бүктірді.

Аталған турдан кейін 32 ұпаймен «Астана» көш бастап тұр. Одан кейінгі орындардағы «Тобылдың» 25, «Ақжайықтың» 21 ұпайы бар.

Енді алдағы он үшінші тур ойындары 23 және 24 мамыр күндері өткізіледі.


Соңғы жаңалықтар