Футболдан Қазақстан біріншілігі мәресіне жетті

None
None
НҰРСҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігі мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұдан бұрын соңғы турдағы үш ойынның нәтижесін хабарлаған едік. «Астана» «Қызылжарды», «Шахтер» «Тобылды» 1:0, «Ордабасы» «Оқжетпесті» 3:1 есебімен жеңді.

Дәл қазір тағы екі ойын аяқталды. «Тараз» «Қайраттан» 1:0 есебімен басым түсті. Бұл кездесуде алматылық клуб сапынан негізінен жастар ойын көрсетті. Кездесу тағдырын 63-минутта Аюб Бацуев соққан жалғыз гол шешті.

Ал «Жетісу» «Каспийді» 3:0 есебімен тізе бүктірді. Ойын барысында Айбар Жақсылықов 24, 58, Вадим Побудей 33-минуттарда гол соқты.

Турнир кестесінде қорытынды нәтиже бойынша «Қайрат» чемпион атанды. Енді алматылық клуб алдағы жылы еліміздің атынан UEFA Чемпиондар лигасында бақ сынайды.

«Тобыл» екінші, «Астана» үшінші орын алды. Төртінші орын «Шахтер» клубына бұйырды. Соңғы үш команда келер жылы UEFA Конференция лигасына қатысады. Естеріңізге сала кетелік, алдағы жылдан бастап Еуропада осындай тағы бір турнир бастау алады. Оған UEFA рейтингінде 27-орыннан төмен орналасқан елдердің командалары қатысады.


Соңғы жаңалықтар