Футболдан Қазақстан біріншілігі: «Қызылжар» «Каспийден» басым түсті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің он бірінші турында бесінші ойын аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жолы Петропавлдың «Қызылжары» өз алаңында Ақтаудың «Каспий» командасымен кездесті.

Екі команда арасындағы ойын тартысты өрбіді. Екеуі де шабуыл шебінде жиі бой көрсетті. Десе де алаң иелеріне сәттілік серік болды.

Ойынның 21-минутында «Қызылжар» ойыншысы Данило Алвес Алмейда мергендігімен көзге түсті. Ал 53-минутта оның командалас әріптесі Тимур Мульдинов есепті үстемелей түсті. Кездесуде петропавлдық команда қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсті.

Естеріңізге сала кетелік, бұған дейін аталған турдың алғашқы ойын күнінде төрт матч өткізілді. «Тұран» сырт алаңда қарағандылық «Шахтерді», одан кейін өз алаңында Оралдың «Ақжайығы» Алматының «Қайратын», елордалық «Астана» Талдықорғанның «Жетісуын» 1:0 есебімен жеңсе, «Ақтөбе» мен «Қайсар» 1:1 есебімен тең түсті.

Енді бүгін, 15 мамырда «Ордабасы» (Шымкент) мен «Тобыл» (Қостанай) командалары шеберлік байқасады. Аталған турды «Атырау» және «Тараз» кездесуі түйіндейді.

Соңғы жаңалықтар