Футболдан Қазақстан біріншілігі: Бүгін жетінші тур ойындары басталады
Ойындар 23 және 24 сәуір күндеріне белгіленген. Алғашқы күнінде төрт жұпта командалар өзара кездессе, екінші күнінде үш кездесу болады.
23 сәуірде 15.00-де «Каспий» (Ақтау) және «Тараз» клубтары аталған турдың шымылдығын түреді. Одан кейін 17.00-де «Шахтер» (Қарағанды) және «Астана» (Нұр-Сұлтан), «Атырау» мен «Қайрат» (Алматы) жасыл алаңға шығады. Бұл күнгі соңғы ойын 19.00-де «Тобыл» (Қостанай) мен «Тұран» (Түркістан) арасында өтеді.
Ал 24 сәуірде 15.00-де «Қызылжар» (Петропавл) мен «Жетісу» (Талдықорған), «Ақжайық» (Орал) пен «Ақтөбе» командалары шеберлік байқасады. Жетінші турды «Ордабасы» (Шымкент) пен «Қайсар» (Қызылорда) командалары түйіндейді.
Естеріңізге сала кетелік, алтыншы турдан кейін 14 ұпаймен «Астана» және «Тараз» командалары көш бастап тұр. Үздік үштікте «Қайрат» 12 ұпаймен келеді.