Футболдан Қазақстан біріншілігі: «Атырау» төрт ойын бойы жеңілмей келеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің он төртінші туры мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған турдағы соңғы екі ойынның бірінде «Атырау» өз алаңында Оралдың «Ақжайық» клубынан 2:1 есебімен басым түсті. Кездесу барысында алаң иелері қатарынан Алексей Родионов 46, Сильва Гарсия Брайан 58-минутта мергендік танытты. Осылайша «Атырау» төрт ойын қатарынан жеңілмей келеді. Оның үшеуінде қарсыластарын қапы қалдырып кетті.

Ал Қостанайдың «Тобылы» өз алаңында «Ақтөбені» 2:1 есебімен жеңді. Ойында қостанайлық Азат Нұрғалиев 17-минутта пенальтиден мүлт кетпесе, 29-минутта Дмитрий Мирошниченко есепті үстемелей түсті. Ал 87-минутта оған ақтөбелік Боян Дубайич бір голмен жауап қайырды.

Еске салсақ, бүгін аталған турда бұдан бұрын тағы екі кездесу өткізілді. «Каспий» мен «Астана» 2:2, «Ордабасы» мен «Шахтер» 0:0 есебімен тең түсті.

Сондай-ақ, кеше, 28 мамырда аталған турда үш матч өткізілді. «Қызылжар» мен «Тараз» кездесуінде 2:2 есебі тіркелсе, «Қайрат» өз алаңында «Қайсарды» 1:0 есебімен жеңді. Ал өз алаңында Түркістанның «Тұраны» Талдықорғанның «Жетісуына» 0:2 есебімен жол берді.

Енді он бесінші тур ойындары 12 және 13 маусым күндері өткізіледі.


Соңғы жаңалықтар