Футболдан Қазақстан біріншілігі: «Астана» «Тобылдан» төрт ұпайға ұзап кетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 22-турында елордалық «Астана» кезекті жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордалық клуб бүгін өз алаңында «Тараз» командасын қабылдады. Ойын барысында «Астана» қарсыластар қақпасына жауапсыз үш гол соқты. Оны Марин Томасов 1, 21, Тигран Барсегян 7-минуттарда өзінің еншісіне жазды.

Осылайша «Астана» 3:0 есебімен жеңіске жетіп, турнир кестесінде 50 ұпаймен көш басына шықты. Қазір олар чемпиондықтан тағы бір үміткер саналып жүрген «Тобылдан» төрт ұпайға ұзап кетті. Дегенмен қостанайлық клуб қазір сырт алаңда «Атыраумен» кездесуде. Тағы бір ойында «Ордабасы» мен «Каспий» шеберлік байқасып жатыр.

Сондай-ақ, бүгін «Ақжайық» пен «Қайсар» 1:1 есебімен тең ойнады.

Ал 26 қыркүйекте Алматының «Қайраты» сырт алаңда Қарағандының «Шахтерімен» 1:1 есебіне қанағат білдірді. Түркістанның «Тұраны» сырт алаңда Петропавлдың «Қызылжарын» 1:0 есебімен тізе бүктірсе, өз алаңында «Ақтөбе» Талдықорғанның «Жетісуынан» 2:0 есебімен басым түсті.



Фото: fcastana.kz

Соңғы жаңалықтар