Футболдан Қазақстан біріншілігі:  «Астана» қайтадан көш бастады
2021 жылғы 2 шілде 21:09

Футболдан Қазақстан біріншілігі:  «Астана» қайтадан көш бастады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 19-турында екі ойын өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған турдың шымылдығы елордалық «Астана» мен Қарағандының «Шахтер», Алматының «Қайрат» және «Атырау» командалары кездесулерімен түрілді. Қатар өткен екі ойын да голдардың көп соғылуымен ерекшеленді.

«Астана» мен «Шахтер» кездесуі тартысқа толы болды. Екі команда барлығы жеті гол соғып кетті. Алдымен елордалық клубтан Макс Эбонг 6, Валерий Чуперка 26-минуттарда мергендігімен көзге түсті. Бұдан кейін қарағандылық командадан Иван Свиридов 41-минутта есеп айырмасын қысқартты. Елордалық Абат Айымбетов 55-минутта гол соқса, қарағандылық Геворг Наджарян 63-минутта көзге түсті. «Астана» сапынан Тигран Барсегян 77-минутта қақпаны дәл көздесе, оған қарағандылық Ескендір Қыбырай 78-минутта бір голмен жауап қайырды.

Осылайша «Астана» қарсыласын 4:3 есебімен тізе бүктіріп, турнир кестесінде 41 ұпаймен қайтадан көш басына шықты.

Ал алматылық «Қайрат» өз алаңында «Атырауды» 5:0 есебімен тізе бүктірді. Ойын барысында алматылық Артур Шушеначев 29, 60-минуттарда қос голдың авторы атанды. Ал Хосе Конте 57, Гулжигит Алықұлов 69, Камо Оганесян 93-минуттарда есеп айырмасын ұлғайтты.

Еске салсақ, бүгін аталған турда тағы бір кездесу өткізілуде. «Ақтөбе» өз алаңында «Ақжайық» (Орал) командасын қабылдауда.

Енді 3 шілдеде сағат 18.00-де «Жетісу» (Талдықорған) мен «Қызылжар» (Петропавл), 21.00-де «Қайсар» (Қызылорда) мен «Ордабасы» (Шымкент), 20.00-де «Тұран» (Түркістан) мен «Тобыл» (Қостанай) ойындары өткізіледі.

Аталған турды 4 шілдеде сағат 19.00-де «Тараз» бен «Каспий» (Ақтау) кездесуді түйіндейді.


Jańalyqtar

MURAǴAT