Футболдан Еуропа лигасы: «Тобыл» Люксембургтен олжалы орала ма

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан UEFA Еуропа лигасы бірінші іріктеу кезеңінде Қостанайдың «Тобылы» сырт алаңда Люксембургтің «Женесс Эш» командасымен кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тобыл» еурокубок ойындарына жиі қатысып келеді. Бүгінгі күнге дейін бір мәрте UEFA Чемпиондар лигасы іріктеу кезеңінде бақ сынаған болатын. Ал UEFA Еуропа лигасы іріктеу кезеңіне биыл алтыншы мәрте қатысады. Әзірге команда еурокубок ойындарының топтық кезеңіне шыға алған жоқ.

«Женесс Эш» командасы да өз елінің тәжірибелі клубтарының бірі саналады. 1907 жылы құрылған клуб Люксембургтің 20 дүркін чемпионы атанған. Команда өз елінде алғаш рет 1921 жылы алғаш рет алтын медальге қол жеткізген еді. Соңғы мәрте 2010 жылы чемпиондық тұғырға көтерілді.

Сондай-ақ, сол елдің кубок ойындарында 13 мәрте жеңімпаз атанды. Команда еурокубок ойындарында негізінен бірінші іріктеу кезеңінен аса алмайды. Тек 2013/2014 жылғы аламанда алғашқы кезеңде Финляндияның ТПС командасын орта жолда қалдырып кетті. Дегенмен жарыстың келесі сатысында Латвияның «Вентспилс» клубына жол беріп қойды.

Клуб жанкүйерлері 1959 жылы Чемпиондар кубогындағы Польшаның «Лодзь» командасымен өткен кездесуді жиі айтып отырады. Олар поляк командасын өз алаңында 5:0 есебімен тізе бүктіріп, сырт алаңда 1:2 есебімен жеңіліп қалды. Қос ойынның нәтижесімен жарыстың келесі сатысында Испанияның «Реал Мадрид» командасымен кездесті. Оларға лайықты қарсылық көрсете алған жоқ. Өз алаңында 0:7 есебімен жеңіліп, сырт алаңда 2:5 есебімен қарсыластың ығына жығылды.

«Женесс Эш» негізінен өз түлектеріне сенім артады. Дегенмен команда құрамында Франция, Германия, Сенегал, Бенин, Черногория, Португалия, Марокко футболшылары да ойын ойнайды. Аталмыш клубқа француз маманы Николас Хайсман бапкерлік жасайды. Ол 1994-2002 жылдарда Францияның «Дюнкерк», «Мец», «Кан», «Гавр», «Кретей» клубтарының намысын қорғады. 2002 жылдан бері бапкерлікпен айналысып жүрген ол 2002-2016 жылдарда «Дюнкерк» командасында бапкерлік және басқа да қызметтер атқарды. Ал француз маманы «Женеес Эш» клубының тізгінін биыл ұстады.

«Женесс Эш» және «Тобыл» командалары арасындағы кездесу Нұр-Сұлтан уақытымен 22.00-де басталады.

«Тобыл» командасы аталмыш қарсыласын жеңіп қайтуды жоспарлап отыр. Қарымта ойын 18 шілдеде Қостанайда өткізіледі. Бұл жұпта жеңімпаз атанған команда екінші іріктеу кезеңінде Португалияның Гимарайнш қаласының «Витория» командасымен 25 шілде және 1 тамыз күндері ойнайды.

Естеріңізге сала кетелік, кеше UEFA Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу кезеңінде елордалық «Астана» Румынияның ЧФР командасынан 1:0 есебімен басым түсті.

Ал 11 шілдеде UEFA Еуропа лигасы бірінші іріктеу кезеңінде Шымкенттің «Ордабасысы» Грузияның «Торпедо» (Кутаиси) клубын қабылдаса, Алматының «Қайраты» сырт алаңда Босния және Герцоговинаның «Широки Бриег» клубымен шеберлік байқасады.

Фото: vk.com/fctobol

Соңғы жаңалықтар