Футболдан Еуропа чемпионаты: Уэльс құрамасы Швейцариямен кездеседі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан 2020 жылғы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңінде Уэльс және Швейцария құрамалары кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүбірлі дода 11 маусым күні басталды, алғашқы кездесуде Италия Түркияны 3:0 есебімен ойсырата жеңді.

Бүгін аталған топтағы тағы бір кездесуде А тобында Уэльс пен Швейцария жасыл алаңға шығады. Бұл кездесу елорда уақытымен сағат 18:50-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Қос құрама арасындағы тартыс Әзербайжан астанасы Баку қаласындағы Олимпиадалық стадионында өткізіледі. Оған франциялық Клеман Турпен бас төреші болса, отандастары Николя Дано мен Сириль Гренгор көмекшілік жасайды. Қосалқы төреші - сербиялық Срджан Йованович.

Айта кетейік, екі құрама бұған дейін 2 мәрте кездескен. Екеуі бір-бірден жеңіске жетті.

FIFA жаңартылған рейтингінде Уэльс құрамасы 17-орында тұрса, Швейцария 13-орынға жайғасқан.

Уэльс Еуропа чемпионаты финалдық кезеңінде биыл екінші мәрте бақ сынауға мүмкіндік алды. Алғаш рет олар 2016 жылы дүбірлі дода төрінен көрінген болатын.

2020 жылғы құрлықтық доданың турнирінде аталған құрама алға Бельгия және Чехияны жіберіп, үшінші орынға табан тіреді. Нәтижесінде өзге топтарда аталған орындарға ие болған құрамалар арасында көрсеткіші бойынша үздік шығып, құрлықтық додаға қатысу мүмкіндігіне қол жеткізді.

Швейцария Еуропа чемпионатына биыл бесінші мәрте қатыспақ. Алдымен 1996 жылы үздіктер қатарынан көрінген олар 2004, 2008, 2016 жылдарда дүбірлі дода көрігін қыздырды.

Құрлықтық дода іріктеу турнирінде швейцариялық футболшылар С тобында Италияны алға салып, екінші орынға жайғасты. Осылайша финалдық турнирге шыққан 24 құраманың қатарына қосылды.

Сондай-ақ, бүгін В тобындағы Дания мен Финляндия (сағат 21:50), Бельгия мен Ресей (сағат 00:50) құрамалары кездеседі.


Соңғы жаңалықтар