Футболдан Еуропа чемпионаты: Ресей Финляндиядан басым түсті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан Еуропа чемпионатының финалдық сатысындағы топтық кезеңі екінші турында Ресей мен Финляндия құрамалары кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске салсақ, аталған екі команда В тобында сынға түседі. Қарсыластары – Бельгия және Дания.

Алғашқы турда Ресей Бельгияға 0:3 есебімен жол берсе, Финляндия Даниядан 1:0 есебімен басым түсті.

Екі команда бұған дейін бес мәрте кездескен. Оның төртеуінде ресейліктер жеңіске жетсе, біреуінде финляндиялық футболшылардың мерейі үстем болды.

Айта кетерлігі, Финляндия бүгінгі қарсыласын 109 жыл бұрын Стокгольм Олимпиадасында 2:1 есебімен жеңген болатын.

Бүгінгі кездесуде қос құраманың жеңіске жету мүмкіндігі бар еді. Екеуінің де тарапынан гол соғатын бірнеше сәт кездесті.

Бірінші кезеңнің 45-минутында ресейлік Алексей Миранчук қарсыластар қақпашысын қапы қалдырып кетті.

Екінші кезеңде екеуінде де есепті өзгертетін бірнеше мүмкіндік болған еді. Дегенмен таблодағы есеп өзгеріссіз қалды.

Кездесуде Ресей қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсіп, турнир кестесіндегі жағдайын жақсартты.

Сондай-ақ, аталған топтағы Дания мен Бельгия кездесуі 17 маусымда елорда уақытымен 21:50-де өткізіледі.

Айта кетейік, аталған топтағы үшінші тур ойындары 21 маусымда өткізіледі. Бұл күні Финляндия мен Бельгия, Ресей мен Дания құрамалары шеберлік байқасады.


Соңғы жаңалықтар